Конституциямызда осы бағыттарды кешенді жаңғыртуға бағытталған бірқатар норма бекітілген. Олардың ішінде «Заң мен тәртіп» қағидатының орны ерекше. Оның құқықтық әлеуеті орасан және мемлекетіміздің құқықтық саясатының негізгі тетігі болары анық. Конституциямызда заң мен тәртіпті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының қызметтік парызы ретінде қарастырылмайды. Бұл Әділетті Қазақстан идеясымен тығыз байланысты және бүкіл мемлекетке, қоғамға және әрбір азаматтарымызға ортақ міндет ретінде танылады. Өйткені әділетті қоғам құру үшін, адам құқығының қорғалуын және оның қауіпсіз ортада өмір сүруін толық қамтамасыз ету үшін – заң мен тәртіп үстемдігін орнату шарт. Ол үшін әр азамат қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін орнатуды өзіне жүктелген парыз ретінде тануы қажет.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру еліміздің дамуында маңызды қадам екеніне бірнеше рет назар аударды. Осы жылдың маусым айында болған Құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқасында сөйлеген сөзінде: «Әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек. Бұл – барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі», – деп айтты.
Жалпы қай уақытта, адамзат тарихының қай кезеңінде болмасын, оның өмірінің сапасы осы қағидатпен тығыз байланыста тұрды. Өйткені қоғамда адамгершілік пен әдеп сақталып, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр құрметтеліп, әсіресе мемлекет бекіткен заң талаптары орындалса, адамдардың өмір деңгейі де жоғары болатыны анық. Әділ сот төрелігі мен қоғамды тиімді басқару да осындай ортада қалыптасады. Сондықтан заңға бағынуды, тәртіпке бой ұсынуды әр азаматтың ішкі өрісінің шоқтығы, бүкіл қоғам үшін ортақ құндылық деп тануға тиіспіз.
Әрине, бұл конституциялық принципті орындау – тек қоғам мүшелерінен талап етілетін міндет ретінде түсіну біржақты көзқарас, ол қағидаттың шеңберін шектеу болар. Себебі аталған конституциялық қағидат – ең алдымен сот-құқық қорғау органдарына, мемлекетіміздің басқа да құрылымдарына артылатын жүк, қойылатын конституциялық талап.
Мемлекет өз тарапынан бұл принциптің еліміздің барлық жері мен қоғам өмірінің кез келген саласында қалтқысыз сақталуының қамтамасыз етілуіне кепіл болып, қажетті ұйымдастыру-құқықтық тетіктерін қабылдауы қажет.
Әрине, Конституциямызды, оның ішінде «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруды заңнамалық реттеу еліміздің жаңа құрылған заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді органы Құрылтайға жүктеледі.
Жалпы, құқықбұзушылықтың алдын алу, заң бұзылған жағдайда оған дер кезінде ден қойып жолын кесу және әділ құқықтық баға беру маңызды. Себебі жауапкершіліктің заңды әрі негізді, ал қолданылған жазаның салмағы жасалған құқық бұзу шамасына сай болуы мемлекетке деген сенімді арттырады.
Конституцияда бекітілген бұл қағидат – тәртіп жазалаудан емес, алдын алудан басталады дегенді алға тартады. Шетел практикасына жүгінсек, заңға бағынуды қамтамасыз ету үшін түрлі тәсіл қолданылады. Соның ішінде құқықтық тәрбиені кеңінен және жаңа технологиялық құралдарды пайдалану арқылы насихаттау, қоғамдық бақылауды күшейту, басқа да профилактикалық ынталандыру шараларын қолдануды қамтиды.
Мысалы, кейбір елдерде қоғамдық орындарға бейнебақылау камералары кеңінен орнатылып, көшелерде, саябақтарда және адамдар көп жиналатын өзге де жерлерде бақылаусыз аумақтарды барынша азайтуға мән беріледі. Бірқатар мемлекетте әкімшілік айыппұл мөлшері адамның табысына қарай белгіленеді. Табысы жоғары адам әкімшілік сипаттағы құқық тәртібін бұзған болса, басқаға қарағанда көп айыппұл төлейді. Ал қоғамдық бақылау дамыған елдерде азаматтар тәртіпбұзушылықты байқаса, тиісті органдарға дер уақытында өздері хабарлайды. Кейбір елдерде қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарға қосымша шектеулер де қойылады. Мысалы, адам қоғамдық көлікте құқық бұзу жасаған болса, онда ол арнайы тізімге енгізіліп, белгілі бір мерзім аралығында оған билет сатылмайды, яғни оған қоғамдық көлікке міну мүмкін болмай қалады.
Мұндай шаралардың мақсаты – адамдарды жазалау емес, керісінше олардың болашақта заң бұзбауына мәжбүрлеу, тиісті қорытынды шығаруына ықпал ету және басқаға сабақ қылу. Өйткені құқықтық тәртіпті тек бақылауды күшейту немесе жазаны қатаңдату арқылы орнату мүмкін емес. Нағыз құқық тәртібі адамдар өздерінің заңды міндеттерін күнделікті өмір салты ретінде қабылдаған кезде қалыптасады. Егер азамат өз құқықтарының қорғалатынын және әрбір құқықбұзушылыққа тиісті баға берілетінін білсе, оның заңға деген сенімінің де артары хақ.
Соңғы уақытта құқық қорғау қызметінің құқық тәртібін қамтамасыз етудегі тәсілдері де өзгеріп келеді. Бұрын негізгі назар құқықбұзушылық жасалғаннан кейінгі әрекеттерге аударылатын, яғни алдымен құқық бұзу оқиғасы тіркеледі, кінәлі адам анықталады, оның айыбы дәлелденеді, содан кейін заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, жаза бекітіледі. Ал қазір құқық қорғау қызметі профилактикаға бейімделіп, құқықбұзушылықтың салдарымен ғана емес, себептерімен күресуді басты назарға алып отыр. Басқаша айтқанда, мәселе тек кінәліні жазалауда емес, құқықбұзушылыққа итермелеген, не соған себеп болған жағдайды тауып, соны жоюда. Яғни құқық- бұзушылықтың не себепті болғанын анықтау, оның алдын алу және қайталануына жол бермеу шараларына ерекше маңыз беріледі.
Осы тәсіл былтыр желтоқсанда қабылданған «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңда көрініс тапты. Заң құқықбұзушылыққа себеп болған жағдайларды анықтау, зерделеу және жою шараларын қарастырады.
Құқықбұзушылықтың туындауына әлеуметтік-экономикалық қиындықтар, отбасындағы қолайсыз жағдайлар, тәрбиелік және психологиялық факторлар, сондай-ақ цифрлық ортадағы жаңа қауіп-қатерлер әсер етуі мүмкін. Сондықтан профилактика мемлекеттік органдардың жұмылып жұмыс істеуін талап етеді. Бұл іске прокуратура, ішкі істер, ағарту және жоғары білім беру, ақпарат және мәдениет, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау органдары, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдар қатысады.
Бұл ретте құқықбұзушылық жасау қаупі бар жасөспірімдерге дер кезінде қолдау көрсетіп, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау ерекше маңызды. Осы бағытта мемлекетіміз көптеген игі іс жасауда. Мысалы, прокуратураның үйлестіру басшылығымен ішкі істер, оқу-ағарту, әлеуметтік қорғау органдары және жергілікті атқарушы билік жүзеге асырып жатқан «Саналы ұрпақ» жобасын атап өткен жөн. Жоба колледж студенттерінің арасында құқық бұзуды ерте анықтауға бағытталған. Оның аясында кәмелетке толмағандардың цифрлық профилактикалық картасы қалыптастырылды. Бұл жоба негізінен жасөспіріммен жеке жұмыс жүргізуге, оның проблемаларына дер кезінде назар аударып, қажетті қолдау көрсетуге бағытталған.
Басқа да құралдардың көмегімен өңірлерде нақты шаралар қабылдануда. Мәселен, дрондарды қолдану арқылы қылмыс жасау қаупі жоғары 360-тан астам орын анықталған, ол жерлерде полиция патрулі күшейтіліп, қосымша жарық беру нүктелері, бейнебақылау камералары орнатылған.
Қылмыстылықтың алдын алу шараларында заманауи құралдарды кеңінен қолдану интернет-алаяқтыққа қарсы күресте де оң өзгерістер беруде. Соңғы жылдары ондай қылмыстар 13%-ға азайған. Оған бірнеше оң тәсілдер әсер беріп отыр, мысалы, құқық қорғау органдары мен Қазақтелеком бірлесіп, бір миллионнан астам күдікті қоңырауды үзген. Сонымен қатар 12 шетелдік алаяқтық колл-орталықтың жұмысы тоқтатылған. Ұлттық Банктің Антифрод-орталығының көмегімен 2,9 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық операциялар бұғатталған.
Қылмысқа қарсы күрес халықаралық ынтымақтастықты қажет етеді. Өйткені қазіргі уақытта жасалып жатқан көптеген қылмыс нақты бір мемлекет аумағымен шектелмейді. Сондықтан қылмыстық-құқықтық саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту – «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының Құрылтайы еліміз үшін ең маңызы зор халықаралық құжат – Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы 1959 жылғы Еуропалық конвенцияны ратификациялады. Оған жақында еліміздің Президенті қол қойды. Конвенцияға Еуропаның 46 елі және Еуропадан тыс орналасқан тағы 4 мемлекет қатысады.
Бұл – Құрылтай қабылдап, Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қол қойған алғашқы заңдардың бірі. Конвенцияға қосылу – еліміз үшін үлкен жетістік. Оған қол жеткізуге еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен Бас прокуратурасының қыруар жұмыс атқарғаны анық.
Конвенция қылмыстық істер бойынша мемлекеттердің бір-біріне құқықтық көмек көрсету тәртібін белгілейді. Оның аясында процессуалдық құжаттар алмасу, дәлелдемелер жинау, куә, күдікті, сарапшы және өзгелерден жауап алу, заңда көзделген өзге де процестік әрекеттерді жүзеге асыруға болады. Мұндай халықаралық құжаттың қылмысты қай жерде жасалғанына қарамастан оны толық ашуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға көмектесетіні сөзсіз.
Конституциялық «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырудың мәні осында. Соңғы жылдары елімізде заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету жағдайы жақсарып келеді. Құқық қорғау органдары қолданып жүрген құқық бұзудың алдын алу, болдырмау, оларға қарсы жаңа инструменттерді қолдану арқылы жолын кесу, жалпы айтқанда құқық қорғау органдарының күндіз-түні тыным көрмей атқарып жүрген жұмыстарының арқасында қоғамдағы қылмыстылық деңгейі жыл сайын төмендеп келе жатқаны белгілі. Биыл өткен тоғыз айда 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық 14,6 пайызға, ал саны 98 568-ден 84 119-ға дейін азайған. Соның ішінде ұрлық 17,8 пайызға, жалпы алаяқтық 20,4 пайызға, ал интернет-алаяқтық болса 22,4 пайызға кеміген. Бұл көрсеткіштер жай ғана статистика емес. Бұл еліміздің сот органдарының, прокуратура, ішкі істер және өзге де құқық қорғау органдарының, адвокатура және белсенді азаматтардың бірлесіп жасаған жұмыстарының нәтижесі екені анық.
Әрбір қылмыстың артында адамның тағдыры, жәбірленушінің бұзылған құқығы тұратыны белгілі. Сондықтан қылмысқа жол бермеу, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, жалпы қоғамның, әрбір азаматтың мүдделі ісі. Ал Қазақстан Республикасы Құрылтайының міндеті – осы конституциялық қағидатты заңнамалық тұрғыдан одан әрі дамыту және оны іске асырудың құқықтық тиімді тетіктерін қалыптастыру. Өйткені заң мен тәртіп үстемдік еткен қоғамда адамның конституциялық құқығы қорғалады, азаматтардың мемлекетке деген сенімі артады, ал қауіпсіздік күнделікті өмірдің қалыпты бөлігіне айналады.
Мейрамбай КЕМАЛОВ,
Құрылтай депутаты,
«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі









