Гранттар, түрлі бағдарлама мен жоба аясындағы миллиардтаған қаржыландыруды қоспағанда, өңірлерде бұл кәсіп иелерінің орташа жалақысы 845 мың теңгеге жетті: республикалық орташа деңгейден 2,4 есе жоғары! Демек, мемлекет ғалымдардан нақты өнім мен қайтарым талап етуге құқылы. Президенттің тапсырмасымен, биыл Үкімет экономика салаларын роботтандыруға және жаппай ЖИ ендіруге кірісті. Бұл іске ғалымдардың сүйеу болғаны керек-ақ.
«Сиқырлы сақина» синдромы
Республикада бұрынғы онжылдықтарда жалындап, ұрандата айтылатын инновация туралы әңгіме бүгінде саябырлап қалған еді. Бұған дейінгі үкіметтер индустриялық-инновациялық бағдарламаларға триллиондап қаржы бөлгенімен, оның нәтижесін халық сезіне алған жоқ. Қаншама жарнамаланған «Қазақстанда жасалған» планшет, теледидар, басқа тұрмыстық техника шетелдік нарықты былай қойып, өз дүкендерімізден табылмайды. Яғни, жоба көп болғанымен, өнім аз болды.
Бұл ретте саланың символына айналған бір «инновациялық кейс» ел есінде қалды. 2014 жылдан бастап инновацияға жауапты министрліктер мен ұйымдар қазақстандық ғалымдар тобы ойлап тапқан, жыныстық жолмен жұғатын жұқпалы ауруларды лезде анықтайтын «сиқырлы» сақинаны «әлемде теңдессіз» деп дәріптеді. Ол сол кездегі ел басшылығына таныстырылды, барлық салалық іс-шарада беткеұстар озық жоба ретінде ұсынылды. Түрлі тетіктен қаржыландырылды, сан алуан марапатқа ие болды. «Астаналық ғалымдар «Hoope диагностикалық сақинасы» атты бірегей, әлемде теңдессіз гаджет жасады. Оны саусаққа таққан адам бірден өзінде жұқпалы аурудың бар-жоғын біле алады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл әзірлеме адамға өз денсаулығын өз бетінше және құпия түрде бақылауға мүмкіндік беретін инновациялық өнім ретінде ұсынылды. Оның елдегі мыңдаған жасырын ЖИТС жұқтырушыларды анықтауға үлес қосатыны меңзелді. Мәнісі – құрылғы жыныстық жолмен берілетін ауруларды анықтау үшін қанға экспресс-талдау жасайды. Сақина саусаққа тағылады. Ол микротесу жасап, қанның бір тамшысын алады және кіріктірілген сенсорлардың көмегімен бірден диагностика жүргізеді. Бүгінде сол Hoope қайда? Тұтынушылар қайдан сатып ала алады? Ешқайдан. Өйткені уақыт өте келе бұл жоба көпшілік күткен деңгейге жетпеді. Жобаның прототипі жасалғанымен, әрі ұзамаған, тиісінше, елдегі еркін сатылымда қолжетімді тұтынушылық өндіріске шыққан жоқ.
Ақылды үйден қорғалған Отанға дейін
Ғылым қызметкерлерінің кәсіби мейрамы қарсаңында Ғылым және жоғары білім министрлігі отандық ғалымдардың инновациялық жобаларына арналған бейнематериалдар сериясын жариялады. Жобаның көбісі (бәлкім, бәрі) – әлемде бар технологияларды жетілдіруге құрылған. Оның бірінде ҒЖБМ Сәтбаев университетінің ғалымдары құрылыс саласына арналған 3D-принтердің дәлдігін арттыруға мүмкіндік беретін манипуляторды жасап шыққанын мақтан етті.
– Қазір құрылысқа арналған 3D-принтерлерде баспа бастиегін позициялау үшін негізінен порталды, сериялық немесе кабельді типтегі роботтар қолданылады. Алайда мұндай жүйелер құрылыс алаңындағы шаң, діріл және температураның ауытқуы сияқты күрделі өндірістік жағдайларға толық бейімделмеген, сондай-ақ оларды калибрлеу күрделі. Аталған кемшіліктерді жою үшін Сәтбаев университетінің ғалымдары арнайы компенсациялаушы манипулятор мен бетонды баспалауға арналған шүмекті әзірледі, – деп түсіндірді ведомство.
«Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы әуе робототехникасы бағытында мемлекеттік сектор, қоғамдық қауіпсіздік және өндірістік кәсіпорындар үшін бірқатар заманауи шешім әзірлеген. Оның қатарында нысаналарды – жаудың жаяу әскерін және ұрыс техникасын аңдып, анықтап, зақымдауға арналған «Жебе» тосқауылдау оқ-дәрісі (ұшатын снаряд), оқу-жаттығу мақсатындағы ұшқышсыз әуе нысаналары, украиналық атақты Sea Baby сияқты теңіз операцияларына арналған экипажсыз кеме, мобильді робототехникалық кешендер, сондай-ақ іздеуге, барлауға және арнайы тапсырмаларды орындауға арналған «Қарақұс», «МАСА», Saryarqa, JETISÝ, SAMŪRYQ, «Шағала-М» сияқты ұшқышсыз жүйелер бар. Бұл әзірлемелер отандық ғылымның қорғаныс және жоғары технологиялар саласындағы әлеуетін арттырып, еліміздің технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосуға тиіс.
Ғылым қорының қолдауымен 2023-2025 жылдары жүзеге асырылған ғылыми жоба аясында Wallee бағдарламалық қамтылымы жасалып, Smart Home жүйесі толыққанды өнім ретінде нарыққа ұсынылыпты. «Ірі құрылыс компанияларымен жұмыс істейміз. Өнім автоматтандыру үшін қолданылады, ал датчиктер қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Барлық сигнал біздің мобильді қосымшаға түседі. Құбыр жарылып, су ақса, сымнан ақау шығып, нысан – кеңсе не баспана іші түтінге толса немесе бөгде адам кіріп кетсе, ол туралы иесі бірден хабар алады. Үтікті қосулы күйде ұмыт қалдырса, үйдегі электр қуатын қашықтан өшіреді. Астана, Алматы мен Шымкентте 15 мың пәтермен келісімшарт жасастық, оның 7 мыңына орнатылды», – дейді Connected Home директоры Саят Ақтай.
Зерттеуші ғалым, PhD Албанбай Нұртай бастаған ғалымдар тобы қоршаған ортадағы механикалық тербелістерді электр қуатына айналдыратын ықшам әрі тиімді құрылғы жасау үшін тер төгіп жатыр. Зерттеу мақсаты – бірнеше жүз герцке дейінгі, яғни табиғи ортада жиі кездесетін тербеліс диапазонында істейтін электромагниттік түрлендіргішті әзірлеу. Ұқсас жүйе әлемде бар екен, бірақ олардағы автономды IoT-датчиктер әдетте тұрақты қуат көзін қажет етеді. Жаңа әзірлеме электрмен жабдықтаудың балама тәсілін ұсынып, түрлі салада, мәселен, егіс алқабының жай-күйін бақылау немесе экологиялық мониторинг жүргізу үшін жоғары сұранысқа ие болады деп күтіледі.
Бізде роботтар дәуірі басталды ма?
Жаңа Конституцияда бекітілген мемлекеттің стратегиялық бағытын іске асыру аясында білім мен технологияға, жасампаздық пен инновацияға негізделген экономиканы дамыту енді ерекше маңызға ие. Экономика салаларының қолданбалы міндеттерін шешуге ғылыми қауымдастықты тарту басым бағыт. Осы орайда инновацияға жауапты жеке мекеме – Экономика салаларын роботтандыру жөніндегі жобалық кеңсе құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев хабарлады.
– Инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғырту – өнеркәсіптік саясаттың негізгі бағытының бірі. Өнеркәсіптік саясат туралы заңда цифрлық трансформация, Индустрия 4.0 технологияларын енгізу, индустриялық инфрақұрылымды дамыту және кәсіпорындарды жаңғыртуға инвестицияны ынталандыру басымдық ретінде айқындалған. Бұл шараларды іске асыру қазірдің өзінде нақты нәтиже әкелді. Кәсіпорындардың инновацияларға жұмсаған шығыны 2021 жылмен салыстырғанда 4,5 есе өсіп, 1,9 трлн теңгеге жетті, – деді Е.Нағаспаев.
Жалпы, шахтадағы, түрлі кенорнындағы жұмыс адам өмірі үшін қауіпті. Министр геология саласында жер астында терең орналасқан және дәстүрлі әдістермен табылмайтын жасырын кен орындарын іздеу үшін инновациялық геохимиялық әдіс енгізіліп жатқанын атап өтті. Әдіс топырақтағы металдардың әлсіз іздерін де таба алады. Сол арқылы мамандар жер астында қандай және қанша көлемде пайдалы қазба барын біледі.
Шикізатқа тәуелділіктен құтылудың жалғыз жолы – жер астындағы байлықты ақылмен игеру. Тау-кен металлургиясында шикізатты өңдеу тиімділігін арттыру және төмен сортты және техногендік ресурстарды кәдеге жарату үшін инновациялық шешімдер іске асырылу үстінде. Оны қаржыландырудың негізгі көлемі жер қойнауын пайдаланушылардың өндіріс шығындарының 1%-ын міндетті аудару есебінен қалыптасады. Соңғы 5 жылда тау-кен саласының ірі кәсіпорындары ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға шамамен 150 млрд теңге инвестиция құйып, 1,5 мыңнан астам жобаны іске асырды. Бұл әзірлемелер нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған.
Біріншіден, Аяқ-Қожан, Ақтоғай, Алмалы кен орындарында, Қоңырат үйінділерінде, Бозшакөл фабрикаларында төмен сортты мыс құрамды шикізатты өңдеудің байыту-гидрометаллургиялық аралас технологиялары қолданылады. Бұл жылына 50 мың тонна катодты мыс өндірісін және 350 млн долларға дейін кірісті қамтамасыз етеді.
Екіншіден, «Берқара» кешенінде үйінді сілтісіздендіру технологиясы енгізілді, бұл кәсіпорынның жылына 5 мың тонна катодты мыс өндіру жобалық қуатына шығуын қамтамасыз етті. Үшінші жоба – Қаратаудың ванадий құрамды кварциттерін гидрометаллургиялық өңдеу іске асырылып, ванадийді 85%-дан, молибденді 77%-дан астам алуға қол жеткізілді. Төртіншіден, Бұғыты кен орнының шеелит кендерін өндіру және өңдеу технологиясы оңтайландырылды. Соның нәтижесінде, вольфрам кендерін өңдеу зауыты іске қосылып, жылына қосымша 100 тоннаға дейін вольфрам триоксиді алынатын болды.
Бұдан бөлек, Балқаш мыс қорыту зауытында ілеспе компоненттерді кешенді алу үшін тотықсыздандырғыш электрмен балқыту технологиясы әзірленді, бұл жылына мың тоннадан астам бағалы металл қорын өңдеуге мүмкіндік береді. Ал «Жезқазғансирекметалда» ыстыққа төзімді никель қорытпаларының қайталама шикізатын рециклингтеу технологиясы енгізілді. Бұл рений шығаруды 10 есеге арттырып, никель, кобальт және басқа да легирлеуші элементтерді қосымша алуға мүмкіндік берді. Ведомство мәліметінше, ЖИ енгізу жөніндегі жол картасы шеңберінде 11 пилоттық жоба іске асырылды.
– Машина жасау саласындағы инновацияларды дамыту шеңберіндегі басымдықтардың бірі – өндірісті роботтандыру. Бүгінде отандық өнеркәсіпте 10 мың жұмысшыға шаққанда шамамен 7 роботтан келеді, бұл әлемнің жетекші елдерінен көп төмен. Роботтандыруды дамыту және өндірістегі кадр тапшылығын азайту үшін цифрлық шешімдерді, соның ішінде ӨАБЖ (АСУП), деректер аналитикасын, ЖИ элементтерін және цифрлық платформаларды, сондай-ақ өнеркәсіптік роботтар енгізу бойынша белсенді жұмыс басталды, – деді министр Е.Нағаспаев.
2025 жылы 300-ден астам робот орнатылыпты. Озық үлгі ретінде 68 роботы бар KIA Qazaqstan зауыты және 54 роботы бар Astana Motors зауыты тілге тиек етілді. Роботтар әл-әзір адамды алмастырмайды, ол адам еңбегін қауіпсіз әрі өнімді етеді. Ендігі мақсат – шетелден таситын емес, сол роботты бағдарламалайтын және жасайтын ұлтқа айналу.
Ғылым қызметкерлерінің мерекесі – той тойлайтын емес, ой ойлайтын, кешегі күмәнді кейстерден арылып, қателігінен сабақ алып, ертеңгі нақты технологиялық тәуелсіздікке нық қадам жасауға бастайтын меже. Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаржы да, көңіл де артты. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, идея мен нәтиженің арасы – ең күрделі өткел.
Елдос СЕНБАЙ









