Тарих қойнауына тереңдесек, өткен ғасырдың алғашқы жартысында сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болып, жекелеген партия, ұйым қызметкерлері емес, тұтастай бір халық Отанын сатқандар қатарына еніп, қазақ жеріне күштеп жер аударылғаны белгілі. Қазақстан «Сібір» сөзінің синониміне айналып, шамамен 3 миллионнан аса халық депортацияланды. Сол бір тарихи кезеңдегі халықтың бір-біріне деген бауырмалдығы, нәубетті жылдардағы елдің көрген қиындығы жайында талай шығарма жазылды да, көркем туындылар өмірге келді, сол оқиғалар ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып жетті де…
КСРО тараған сәтте жүздеген мың неміс, орыс, өзге де ұлт өкілдері тарихи Отанына қайтқанымен, қазақ топырағын туған жеріндей қадірлеп қалғандар да жоқ емес. Бүгінде бірлік пен достық жолындағы ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тауып, беки түсті. Сары жүзді демесең, жүрегі қазақ деп соғып, қазақша ойлайтын түрлі этнос өкілі көп. Біз осы орайда қазақ тілінің мәртебесін айрықша көтеріп, елге ісімен де үлгі болып жүрген жандарды назарға ұсынуға тырыстық.
Блогерлер қазақ тілін насихаттап жүр
Тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, тіл халықтың болмысын, табиғатын, мінезін танытатын күшке де ие. Қазақ тілінің жанашыры, Павлодар облысының тумасы, блогер Алексей Лодочниковты үлгі тұтатын жастар көп. Оның тілі ғана емес, жаны, мінезі де қазаққа айналып кеткендей. Ол мемлекеттік тілді білу арқылы көп мүмкіндікке ие болғанын үнемі айтып жүреді, тіпті Димаш Құдайбергенмен бір сахнада өнер де көрсеткен.
Жуырда өзін әлеуметтік парақшасында «Алексей Қазақ» деп сақтаған желі қолданушысының бейнематериалы халықтың үлкен ықыласына ие болған еді. Алексейді қазақ халқы алдымен арбада билеу спорты арқылы таныған. Алексей Журавлев – екі аяғы болмаса да, өмірге деген құлшынысын жоғалтпаған азамат. Ол – Санкт-Петербургте өткен мүгедектер арбасында билеуден континенталдық кубоктың иесі, әлем чемпионы. Ол қайсарлығы, рухының мықтылығымен көпке үлгі болып жүр. Спортшы мүгедектігі бар адамдардың да шексіз мүмкіндікке ие екенін дәлелдеп қоймай, қазақ тілінің мәртебесін де асқақтатып келеді. Қазақ жастарын күнделікті өмірде, тұрмыс-тіршілікте ана тілінде сөйлеуге шақырады, тіпті Мұхтар Шахановтың, Абай өлеңдерін жатқа оқиды.
Таяуда екі орыс қызының қазақша әңгіме құрып отырған видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тараған еді. Қыздар «өзіміздің орыстар», «ореке» деп жақын тартатын қазақтарды жылы қабылдайтынын, қуанатынын айтады, оған намыстанып, ренжіп, көңілге алудың қажеті жоқ дейді. Олардың сөзінше, ешкім оларды бөліп-жармай, керісінше, қазақ тілінде еркін сөйлегені үшін ықылас бөлек. Қазақшаға судай, салт-дәстүрге құрметпен қарайтын жандарды халық жатсынбай, бауырына тартады. Олар қазір қазақ тілінде еркін сөйлейтін орыстардың көп екенін мақтанышпен жеткізді. Расымен де, қазір өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілінде сөйлеу ғажап бір құбылысқа, сәнге де айналды, орыс тілді мамандар, блогерлер әлеуметтік парақшасын қазақ тілінде жүргізуді қолға ала бастады. Мәселен, 14 жылдық тәжірибесі бар фитнес тренер Каролина Трофимчик кейінгі кезде парақшасын қазақ тілінде жүргізіп жүр, оның 45 мыңға жуық оқырманы бар. Қазақтың қыз-келіншектері тренердің қазақ тілінде пайдалы кеңес беретініне риза. Блогер қазақ тілінде ақпарат салуды енді бастаса да, тілге келгенде, қиналып, кем-кетік жіберсе де, жұрт оны қолдап жатыр. Оның тілге деген құрметі жастардың спортпен достасуына ықпал етіп келеді.
Елден кетемін деген мақсат болған емес
Жұмабек Тәшенев атындағы университеттің баспасөз-хатшысы Тимур Казьминмен де қолданыстағы «өзіміздің орыстар» деген тіркеске қатысты әңгіме құрған едік. Ол бұл тіркестің жатсыну емес, халықты жақындататын ортақ ұғым деп түсінеді.
– Бұл тіркестің астарында белгілі бір деңгейде үлкен құрмет бар. «Өзіміздің орыстар» дегенде, адамдар оларды бөлек топ ретінде емес, керісінше, осы қоғамның толыққанды бөлігі ретінде жылы қабылдайды. Шынын айтқанда, қазақ жерінде өскен орыстардың менталитетінде қазақылық басым. Олар біздің мәдениетті түсінеді, әзілді түсінеді, қарым-қатынасымыз да өте жақын. Кейде тіпті қалжыңдап «мінезі қазақтан да қазақ» деп айтып жатамыз. Бұл – жай сөз емес, шынайы өмірден алынған нәрсе. Бұл тіркесті дұрыс түсінуіміз керек. Ол бөліп-жару үшін емес, елді біріктіру үшін айтылуға тиіс, – дейді Тимур.
Оның ойынша, кейінгі жылдары бұл құбылыс солтүстіктен келген релокация кезінде айқын байқалды. Сол кезде жергілікті орыстар мен жаңадан келгендердің айырмашылығы бірден көрінген. Жергілікті азаматтар бұл қоғамға әлдеқашан сіңісіп кеткен, ал жаңадан қоныстанғандарға үйренісуге уақыт керек болды. Сол сәтте «өзіміздің» деген ұғымның нақты мәні ашылғандай. Тимур Шымкент қаласында туып-өскен. Оның қазақ тіліне деген қызығушылығын анасы оятқан екен.
– Қазақ тілін анамның арқасында үйрендім. Анам Валентина Николаевна Оңтүстік Қазақстан облысы Арабат ауылында дүниеге келген. Ауыл адамдарының шынайылығы, сыйластығы, ұлттық құндылықтарды берік сақтауы оның бойына да кішкентайынан қалыптасты. Сол тәрбиені кейін маған берді. Мектепке алғаш барғанымда, қазақ тілін білмейтінмін. Сол кезде анам: «Балам, сен Қазақстанда тұрасың, бұл елден кетемін деген ойың жоқ болса, қазақ тілін мен сияқты білуге міндеттісің», – деді. Бұл сөз мен үшін жай ғана кеңес емес, нақты бағыт болды, – дейді ол.
Тимур осыдан кейін қазақ тілін жүйелі түрде үйрене бастаған. Ұстаздары да қолдап, арнайы курстарға да қатысқан екен. Ол тіл меңгеруде ең үлкен рөл ортаға байланысты екенін айтады. Уақыт өте келе Тимурдың ортасы да қазақ тілінде сөйлей бастады.
– Шымкентте бәрі қазақша сөйлейді деген пікірмен толық келісе алмаймын. Иә, қазақ тілінің қолданысы кең тараған, бірақ бәрі адамның өз таңдауына байланысты. Тілді білу – орта мен ниетке байланысты процесс. Бүгінде қазақ тілін білу – мен үшін жай ғана дағды емес, ұстанымым, елге деген құрметім, – дейді жас маман.
Тимур жақында ғана Қазақстан делегациясының құрамында болып, Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде өткен жастар форумына қатысып қайтты. Ол шетелге шыққан сайын қазақ мәдениетін өзге ұлт өкілдеріне танытып, насихаттап жүр.
– Шетелге шыққан сайын адам әртүрлі ойға келеді. Басқа елдердің өмірін көресің, тәжірибе жинайсың, салыстырасың. «Осында тұрсам, қалай болады?» деген ойдың болуы – қалыпты жайт, бірақ елден кетемін деген мақсат ешқашан болған емес. Мен үшін шетел көру – көшу үшін емес, Қазақстанды таныту үшін мүмкіндік. Жинаған тәжірибені елге әкеліп, осы жерде іске асыру әлдеқайда маңызды деп есептеймін, – дейді Тимур.
«Бір атаның баласымыз…»
Тілге, нәсілге, ұлтқа бөлу – санамыздағы тек шартты ұғым. Шын мәнінде, тұтас адамзат бір атаның баласындай. Бірлік күні жақындағанда, жазушы Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» шығармасы еріксіз ойға орала беретіні… Ахмет ақсақал бар баласын соғысқа аттандырып, кейін ауылға қара қағаз келіп жатқан шақ… Ұрпақсыз қалдым деп есеңгіреп жүрген ақсақалдың үмітін қайта жаққан – Зигфрид Вольфганг есімді немістің сары баласы. «Шаңырағым шайқалып, отым өшті» деп жүргенде, неміс баласын бауырына басып, Зекеңді өгейсітпей, нағыз ер етіп тәрбиелейді. Қарсы келген қиындыққа қарсы тұруды үйретеді. Шығарма ұлтқа, нәсілге бөлінбеуді, адамзатқа достық, бауырмалдық, ізгілік қасиеттерді насихаттайды. Әрине, бұл оқиға зұлматты дәуірдің бір белгісі болып сақталып қалды. Дегенмен, сол бір бауырмалдықтың ізі бейбіт күнде де көрініс табатын кездер де туады. Астананың тумасы, Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті Каринаның әңгімесі сол бір шығарма желісін қайта еске түсіргендей күйде қалдық.
– Қазақ тілі мен үшін ешқашан бөтен болған емес. Қазақы ортада өстім, 3 жасымда тілім қазақша шықты. Қазақ тілінің жылуын бала кезден сезіндім. Балалар үйінде тәрбиелендім, сол ортада қазақ тілі күнделікті қарым-қатынас тіліме айналды. Уақыт өте келе тілге жақындығым тек сөйлеу деңгейінде қалып қойған жоқ, мектепте оқып жүргенде, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәніне қызыға бастадым. Көркем шығармаларды көп оқыдым, қазақ халқының тарихын, мінез-құлқын, табиғи болмысын тіл арқылы түсіндім, – дейді Карина Кудрявцева.
Каринаның әкесі – неміс, анасы – удмурт. Әкесінің туыстары қазір Германияда екен. Ал Каринаны 12 жасында қазақ отбасы асырап алыпты. Каринаның қазақ тіліне деген махаббаты оны мамандық таңдауда да адастырмаған екен. Оның жаны қалап, таңдаған саласы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы.
– Бала кезімнен қызығушылық пайда болса, кейіннен қазақ руханиятына қызмет еткен тұлғалардың жазған-сызғанын оқып, шешімімді нақтыладым. Жүрегімде орын алған тұлғалардың бірі – Қайым Мұхамедханұлы. Оның Абай мұрасын зерттеуі, әдебиеттану саласын дамытудағы табандылығы, ғылымға адалдығы ізденісіме шабыт берді. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының синтаксистік ерекшеліктері атты тақырыпта ғылыми жұмысымды жазып жатырмын. Мақсатым – халық мұрасындағы тілдік байлықты, жыр мәтініндегі сөйлем құрылымын, сөз тіркестері мен құрмалас сөйлемдердің ерекшелігін ғылыми тұрғыдан зерттеу. Осы жұмыс арқылы қазақ тілінің тереңдігін, көркемдік қуатын танытқым келеді, – дейді Карина.
Карина үшін қазақ тілі – жай ғана мамандық емес, өмірімен біте қайнасқан күш. Қазақ тілін еркін меңгеруі оны тек ізігілікке, жақсылыққа жетелеп, талай жолда пайдасын тигізген. Каринаның қазақша ойлап, қазақша сайрағанына таңданып қарайтындар көп, бірақ ол қазақ тілінде сөйлеу таңғалатын дүние емес дейді.
– Кей адамдар жылы пікір білдіріп, қолдап жатады, ондайда қазақ тілі мені адамдармен жақындастыратын көпір екенін сеземін. Бала кезімде «Балапан» арнасы шақырып, телеарнаға да шықтым. Көптеген іс-шараға қатысып, өзімді жан-жақты дамыттым. Ең бастысы, қазақ тілінде еркін сөйлеуім сенімділігімді арттырды. Қазақ тілін жақсы білуім ҰБТ тапсырған кезде де көп көмегін тигізді. Ұлтым басқа болғанмен, қазақ халқына, тіліне, мәдениетіне деген құрметім биік, болашақта қазақ тілін оқыту саласында, өзге ұлт өкілдеріне танытуда да еңбек еткім келеді, – дейді ол.
Ертеректе балалар жаттайтын «Ақпыз, қара, сарымыз, ағайынбыз бәріміз», – деп келетін тақпақтағыдай жаны қазақ бауырлардың еңбегі мен беталысы, ізденісі қоғамда әрдайым ерекше бағаланады. Біреулер оларға қарап жаңа іс бастаса, бірі тіл меңгеруге ұмтылып жүр. Бұл да – ел бірлігінің бір белгісі.
Айсұлу СЪЕЗХАН









