Ғасыр жасқа жеткен соғыс ардагерінің бірі – Әбдірахман Ишмұхамедов. Қостанай облысында дүниеге келген ол фашистік Германияның Кеңес одағына тұтқиылдан шабуыл жасағанын естіп, небәрі 17 жасында өз еркімен майданға аттанады. Жас сарбаз майдан даласында байланысшы болып қызмет етеді. Қауіп пен қатердің бел ортасында жүріп командирлердің бұйрығын жеткізу үшін зеңбірек үнінің астында сым тартты. Қарсылас жаудың сым желісін бақылауға алып, қарсы тараптың әскери жоспарын білу үшін әрекет етті. Осындай операциялардың бірінде Әбдірахман Шәріпұлы ауыр жараланып, алты ай бойы әскери госпитальда емделуге тура келеді. Алайда денсаулығы қалпына келген соң, ол қайтадан майданға оралады. Жауынгер әрі қарай үздіксіз байланысты қамтамасыз ету міндетін жалғастыруға бекінеді. Ол Новгород, Псков және басқа да ел мен аймақты жаудан азат етуге атсалысты. Жеңістің ақжолтай хабарын Бухаресттен естіп, елге қайтады.
Соғыс аяқталған соң Әбдірахман Шәріпұлы елге оралып, ҚазМУ-ге (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) оқуға түседі. Оның ғылымға деген ерекше ынтасы кандидаттық диссертация қорғап, кейіннен ғылым докторы дәрежесін алуға дейін жетеледі. Ғасыр жасаған ардагер бүгінде жоғары оқу орнындағы ұстаздық қызметін өміріндегі басты жетістігі деп біледі. Ол 60 жыл бойы ғылыммен айналысып, шәкірт тәрбиеледі. Қазір батырдың шекпенінен шыққан шәкірттері бір кәсіптің тұтқасын ұстаған, елге елеулі еңбегі сіңген азаматтардың қатарынан көрініп жүр. Әбдірахман Шәріпұлы ғылым жолындағы ізденісінің нәтижесінде екі бірдей кітаптың авторы атанды. 2007 жылы еңбек жолын абыроймен тәмамдап, зейнет демалысына шықты. Соғыс ардагері жұбайымен бірге үш перзент тәрбиелеп, артынан ұрпақ өрбітті. Батыр майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» ордені, I дәрежелі Отан соғысы орденімен және тағы да басқа мерекелік мадальдармен марапатталды. Майдангер 100 жастан асқан шағында дүниеден озды. Оның есімі мен жанқиярлық жолы ұрпақ есінде мәңгі сақталады.
Соғыстың отты жылдарында майдан шебінде ерлер ғана емес, әйелдер де қолына қару алып, ерлік танытқаны ерекше атап өтуге тұрарлық. Олар тек тылда емес, оқ пен оттың ортасында ер-азаматтармен қатар жүріп шайқасты. Кейбірі медбике, байланысшы қызметін атқарса, ал енді бірі снайпер, ұшқыш болу арқылы нағыз қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Олардың қатарында соғыс алаңында байланысшы қызметін атқарған Дарбала Жабатаева да бар.
Соғыс оты тұтанған уақытта небәрі 8-сыныптың оқушысы болған Дарбала Әміржанқызы Қостанай облысында өмірге келген. Ардагер сұм соғыс туралы жайсыз хабарды радиодан естігенін айтады. Алайда ол жас болғандықтан бұл хабардың ауыр салмағын, мән-мағынасын әу баста толық ұғына алмаған еді. Сол кездері ер-азаматтардың майданға жаппай аттануына байланысты колхозда жұмыс күші күрт азайғандықтан, 14-15 жастағы жасөспірімдерді егін жинауға жұмылдырады. Жиналған бидайды майданға жөнелтуге атсалысқан балалардың арасында Дарбала Жабатаева да бар еді.
Деректерге сүйенсек, 1943 жылы Клин қаласынан Қостанайға оқ-дәрі зауыты эвакуацияланады. Сол тұста өндірісті жандандыру үшін жас мамандар қажет еді. Осы мақсатта Дарбала өз қатарластарымен бірге фабрика-зауыттық оқыту мектебіне жіберіліп, кейіннен тәжірибе алу үшін Клин қаласына аттанады. Алайда мамандар діттеген жерге барғанша, майдан шебі бұл қаланың іргесіне жетіп үлгерген еді. Сол уақытта Дарбала Әміржанқызы өзі сияқты жас бес қызбен майданға аттануға шешім қабылдайды. Ол 161-ші атқыштар полкінің құрамында радист болып қызмет атқарып, Польшаның бірқатар портты қалаларын азат ету операцияларына қатысқан. Майдан шебінде жүріп ауыр контузия алса да, жауынгерлік рухын жоғалтқан жоқ. Дарбала жауынгерлік сапқа қайта қосылады. Батыр қыз жеңісті Балтық теңізінің оңтүстігіндегі Померанияда қарсы алды.
Қанды қырғын аяқталып, соғыс жылдарының ауыртпалығы артта қалған соң Дарбала Әміржанқызы 1946 жылы әскер қатарынан босатылады. Алайда ол әскерден кеткенімен, қоғамдық-саяси қызметтен алыстаған жоқ. Ардагер 30 жылдан астам уақыт бойы партиялық және кеңестік органдарда бірқатар жауапты лауазымды атқарды. Бейбіт өмірге оралған соң Дарбала Әміржанқызы туған өлкесі Урицкийде аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарса, кейін аудандық партия комитетінде қызмет етті. 1951 жылы Алматыда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Республикалық партия мектебін, ал 1960 жылы Мәскеудегі КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін аяқтады. 1957-1967 жылдар аралығында қатарынан бес рет Алматы қалалық еңбекшілер депутаттары кеңесінің депутаты әрі атқару комитетінің мүшесі болып сайланды.
1960 жылы Дарбала Әміржанқызы өмірлік серігі Жанабай Қолымбаевты кездестіріп, көп ұзамай екеуі шаңырақ көтереді. Ерлі-зайыптылар екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ол бес немере, алты шөберенің ардақты әжесі. Қазір Дарбала Әміржанқызы қызымен бірге тұрады. Майдан даласында ерлігімен көзге түскен ардагер II дәрежелі Отан соғысы ордені, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін», «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдарымен марапатталған.
Көненің көзі – қазыналы қарияларымыздың елде санаулысы ғана қалғанын ескерсек, олардың жүріп өткен жолы мен өнегесін көзі тірісінде лайықты деңгейде дәріптеу – ұрпақ алдындағы маңызды миссиямыз болып қала бермек. «Ғасыр куәгерлері» ардагерлердің ғұмыр жасына берілген теңеу емес, бұл – олардың қанды майданда жүріп өткен жолына берілген әділ баға.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы









