Эпилепсия: ебін тапса емделетін дерт

Эпилепсия – бұл жас таңдап-талғамайтын созылмалы неврологиялық сырқат. Бүгінде жер бетіндегі әрбір елуінші адам эпилепсиямен ауырады. Елімізде де бұл аурудың қарқыны кейінгі 10 жылда үдеп барады, мысалы 2019 жылғы статистикаға қарасақ, 45 мың адам эпилепсияға шалдыққан, 2025 жылы 95 мыңға жеткен. Оның 40 пайызы – балалар. Мамандар науқас саны бұдан да көп болуы мүмкін дейді.

Аурудың асқынуына себеп көп

Мамандар дерттің пайда бол­уын негізгі екі кез­еңге жіктейді. Алғашқысы – 10 жасқа дейінгі балаларда анық­талуы, яғни бұл кезеңде гене­ти­калық факторлар, инфекциялар немесе босану кез­ін­дегі жарақат­тар себеп болады. Одан кейінгі­сі  – адамның 50 жас­тан асып, егде тартқан шақта кездесуі. Бұл кез­еңде ауруға көбі­не-көп ми жара­қат­тары, инсульт, менингит секілді түрлі ауру себеп болады. Ұстама­ның пайда болуы­на ұйқы­ның сапа­сыздығы, алко­голь өнім­дері­не, есірткіге тәуел­ділік те әсер ет­еді. Дегенмен де эпи­лептолог­тардың айтуынша, жағ­дайдың 50 пайызында дерттің түпкі себебі белгісіз болып қала­ды. Невролог, эпилептолог, ней­ро­физиолог дәрігер, Ұлттық ней­ро­хирургия орталығының профес­соры Гаухар Ибатованың эпи­леп­сияның себептері мен негізгі емдеу әдістері жайында әңгіме құрған едік. Жалпы, эпилепсияның дамуына түрлі фактор әсер етеді. 

– Аурудың себебі көп болған­дықтан да, эпилепсияны поли­этио­логиялық ауруға жатқыза­мыз. Эпилепсияның туабітті және жүре пайда болған түрі бар. Туабітті ақаулардың өзінің тұқым қуалау арқылы берілетін түрі бар, ананың ішінде жатқанда болған генети­калық мутацияның әсері­нен де болуы мүмкін. Ерте және ауыр босану да әсер етеді, мұндай кезде сәбидің миына қан құйы­ла­тын жағдайлар да кездеседі, соның әсерінен де ауру дами­ды, – дейді эпилептолог.

Оның айтуынша, бала іште жатқанда-ақ 6 аптадан бастап әр триместр сайын сәби миының даму сатыларына көңіл болу ке­рек. Сол кезде ананың бойын­дағы ауыр өзгерістер сәби миы­ның ақаумен дамуына әкелуі әбден мүмкін. Балаларда минин­гит, нейро­инфекция, менинго­энце­фалит сынды аурулардың ауыр асқынуы­нан соң пайда болатын эпилепсия түрі де жиі кездеседі. 

Қоғам науқастарды шеттетеді

Қоғамда эпилепсияға шал­дыққан жандар дискри­минацияға ұшырап, қысым көре­­тіні жасырын емес. Сол се­бепті де эпилепсиямен ауыра­тын жандар ауруханаға барудан, медициналық көмек алудан да бас тартып жата­ды. Жұрттың науқастарды «дәріге өмір бойы тәуелді», «қоғамға жа­ра­мсыз», тіпті «психикалық науқастар» деп айыптап, байыпқа барып түсінбейтіні қынжылтады. Бұрын бұл аурудың интелекттің төмендеуіне әсер етеді деген бол­жамдар болды, қазір ғалым­дардың зерттеуі бұл болжамды жоққа шығарды. Егер пациенттер уақы­тылы ем алатын болса, ел қатарлы сапалы өмір сүре алады, жұмыс істеп, отбасын құрып, дені сау ұрпақ жалғастыруына болады. Тарихқа көз салсақ, Юлий Цезарь, Александр Маке­донский, Ностра­дамус, Данте Алигьери, Иван Грозный, Напо­леон Бонапарт, Федор Достоев­ский, Альфред Нобель, Винсент ван Гог сынды тұлғалардың да эпилепсиямен ауырғаны жөнінде деректер бар.

– Бұл салада еңбек етіп, жағ­дайды көзбен көріп жүрген­діктен, эпилепсиямен ауыратын­дардың саны осынша деп нақты, сенімді түрде де айта алмаймыз. Көп­теген науқас өзінің эпилеп­сиямен ауыратынын жасырғысы келеді, қызметіне, оқуына зиян тигізеді деп қауіптенеді. Елімізде эпилеп­сия диагнозы бар адам­дарды жұ­мысқа алмайды, көп адам денсау­лығындағы ерек­ше­лікті жасыруға тырысады, дәрі­герге барып қаралмайды. Тек мүмкіндігі барлар жекеменшік медициналық орта­лық­тарға ба­рып ем алады, жалпы есепке тұрғысы келмейді, дәрі-дәрмегін өздері сатып алады, – дейді Гаухар Ибатова. 

Көптеген елде эпилеп­сия­мен ауыратын адамдарға, егер ауру ремиссия кезеңінде болса, көлік жүргізуге мүмкіндік беретін заң­дар бар. Сонымен қатар бірқатар елде адамдарды жұмысқа орна­ластыру кезінде кемсітуге тыйым салатын заң­намалық актілер бар. Өкінішке қарай, елдегі заң бойын­ша қыз­меткердің жұмыс уақытында денсаулығына бас­шысы жауапты болатындықтан, маман­дар қан­дай да бір ерек­шелігі бар жандар­ға мүмкін­дік беруден, жауапкер­шілік алудан қорқады. 

Эпилепсияны бұғаттаудың жолы

Жыл сайын ауру қарқыны ұл­ғайып бара жатыр, алайда бұл мәселені реттеуге бағытталған арнайы эпилептологиялық орта­лық санаулы-ақ. Мысалы, Пре­зи­дент іс басқармасы жан­ындағы Медициналық орталығының ауру­­ханасы жанында құрылған Эпилептология орталығы – эпи­леп­толог, невролог, нейрохиург, функционалдық диагностика дәрігерлері, ядролық медицина және клиникалық фармаколог­тар секілді мульдисциплинарлық ма­ман­дар тобы жұмыс істейтін елі­міздегі жалғыз орталық. Соны­мен қатар эпилепсияны ең алғаш рет хирургиялық жолмен емдеуді бастаған – Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталы­ғы. Орта­лық мамандары Денсау­лық сақтау министрлігінің қол­дауымен Фран­цияға, Гер­манияға барып, тағылымдамадан өтіп, тә­жірибе жинауға мүмкіндік алған. Мы­салы, дәрігерлер тобы Франция­дағы әйгілі эпилеп­толог-хирург­тардың жанында тәлім алып, Ре­сейдегі клини­калардан да тә­жіри­бесін шыңда­ған. Елімізде эпилепсияға арнал­ған ең алғашқы операция 2010 жылы жасалады, содан бері орта­лықта 400-ден аса пациент опера­циядан өткен. Оның 50-60 пай­ыз­ға жуығы бала­лардың үлесіне тиесілі. 

– Негізінен, ауру көп жағ­дайда бала кезден дамып анық­талады. Егер ауру ерте басталса, опера­цияны мейлінше уақыт өткізбей жасаған жөн, сонда ғана нәтиже жоғары болады. Опера­ция қажет болып, бірақ уақыт жоғалтып алған жағдайда ауру ошағы миға түгелдей жайылып, жарақат ұлғая бастайды. Бұл кезде жасаған опера­цияның пайдасы 40-50 пайыз ғана болуы мүмкін. Сол себепті дер кезінде әрекет ету керек, алайда эпилеп­сияның барлық түріне операция жасауға келмейді. Мысалы, генетикалық, мутациялық, тұ­қым қуалайтын түрлеріне опера­ция сәйкес келе бермейді, – дейді Гаухар Ибатова.

Маманның сөзінше, дәрі­лік ем көмектес­пеген жағдайда хирург­иялық әдіс қолданылады, бірақ 10 пациент эпилепсиямен ауыра­тын болса, 2-3 пациентке ғана операция жасауға мүмкіндік болуы ықтимал. Мидағы ауру ошағын хирургиялық жолмен алып тастау үшін нақты көрсет­кіштер мен талаптарға сай болуға тиіс. Эпилепсияны емдеудің тағы бір заманауи балама әдісі – VNS терапиясы. Бұл әдіс – дәрі-дәр­мекпен емделмейтін эпилеп­сияны емдеуде, нейростимулятор қою арқылы жасалатын тиімді әдістің бірі. Нейростимулятор мидың электрлік белсенділігін тұрақтан­дырып, ұстаманың жиілігін мейлінше азайтады. 

– Операцияға сай келмеген кезеңде осы мүмкіндікті қарас­тыруға болады, бұл 100 пайыз ұстаманы тоқтатады деп айта ал­маймын, дегенмен кейбір па­ци­ент­­терде ұстама тоқтап, жойы­лып кеткен жағдайлар бар. Бұл тера­пияның да пайдасы бар, себебі күніне 20-30 рет ұстамасы пайда болатын емделушілер кездеседі. Олардың өмірін жеңілдету үшін осы аппаратты қойсақ, күніне емес, аптасында ғана бір­неше рет ұстама болуы мүмкін. Пациенттің жағдайы қанша­лық­ты жақсара­тынын, өмір сапа­сы артатынын түсінген боларсыз, – деп түйіндеді эпилептолог.

Сапалы дәрі-дәрмек жеткіліксіз

Әлемде эпилепсияны ем­деуге қажет 35-тен аста дәрі-дәрмек бар болса, елімізде соның тек 13 түрі тіркелген. Сол себепті де бізде ұстаманы тоқтату көрсеткіші 70%-дан төмен болып отыр. 

– Елімізде тіркеуден өткен 10-13 түрлі ғана дәрі бар. Әлемде небір жақсы көмектесетін пре­параттар бар, өкініштісі, елімізде олар жоқ. Бізге әкелінетін пре­па­раттардың көбі дженерик болып келеді, яғни халықаралық стан­дарттарға сай дәрілердің аналогы ретінде жүреді. Әрине, оларды жаман деп айтпаймыз, ауруды басып, көмектесетін сапалылары да бар. Бастысы, бәрі де стан­дартқа сай келеді, әр пациенттің жеке ерекшелігіне, эпилепсияның формасына, ұста­маның түріне байланысты пре­паратты жеке ұсы­намыз. Бір еске­ретіні, эпи­лепсияның струк­туралық фокаль­ды жағдайында, яғни мидағы түрлі жарақат, ісік, ақаулардан туындаған ошақты ұстамаларды емдеуде дженерик препарат толы­ғымен көмектесе алмайды, – дейді Г.Ибатова.

Дәрігер тәжірибесіндегі жағ­дайларды баяндай келе, кей пациенттердің оң нәтижеге жетуі үшін шетелдік дәрілерді өз бетін­ше іздеп-тауып, сатып алып іше­тінін де жасырмады. Қаржылай мүмкіндігі бар жандар шетелден дәрісін өзі алдыра алады екен. Ал мемлекеттік тіркеуден өткен 13 түрлі дәрі емделушілге тегін беріледі. 

– Еліміз препараттармен қам­­тамасыз етуге мейлінше ты­ры­сады, қазір «СК-Фармация» ком­­­паниясы емханаларды дәрі-дәр­мек­пен жабдықтап отыр. Па­ци­ент­тердің өзі дәріханалар­дан тегін аламыз деп айтып отыра­ды, мұ­ның өзі – үлкен көмек. Бұл пре­паратты пациент­тер үзбай сағаты­мен ішу керек. Бір күн ішпей қою­ға болмайды, препа­раттар да арзан емес. Тұр­ақты сатып алса, әжептәуір ақша­ны талап етеді. Алайда көп препарат бізде жоқ, болашақта болады деген үмітім бар. Шет­елдік кейбір препараттар одан да жақсы нәти­же берер еді, – дейді маман. 

Бүгінде медицинаның күн сайын дамып келе жатқанын ес­кер­сек, эпилепсияны жеңіл­дете­тін өзге де әдістер бар. Мәсе­лен, кето-диета әдісін дәрігермен ақыл­­даса отыра қолдануға бола­ды. Пациент көмірсудан толық­тай бас тартқанда, мидың қыз­меті реттеле бастайды. Кетодиета да – медицина ғылымының бір саласы. Демек, эпилепсия да емделетін ауру.

Айсұлу СЪЕЗХАН