Шымкентте қоғамдық көліктегі тегін қызметті 70 мың оқушы пайдаланады

Шымкентте қоғамдық көліктегі тегін қызметті 70 мың оқушы пайдаланады, деп хабарлайды kazlenta.kz.

Үшінші мегаполисте 80 бағытты қамтитын 947 автобус бар. Қазіргі таңда оның жұмысын үйлестіріп, реттілігін қамтамасыз ететін он бір көлік компаниясы қызмет етеді. Қоғамдық көліктердің барлығы GPS жүйесімен жабдықталған. Жауапты басқарма берген мәліметке сүйенсек, биыл автопарк қорына 19 жаңа автобус қосылған. Алдағы уақытта тағы 200 қоғамдық көлікті сатып алу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін оның 50 пайызы іске қосылмақ.

Қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың мәліметінше, 17 маршруттың кестесі ұлғайтылып, 22 автобус бағытына өзгертулер енгізілген. Тоғыз қоғамдық көліктің жұмыс уақыты ұзартылып, түнгі сағат 23:00-ге дейін қызмет көрсететін болып бекітілді. Ендігі жолаушылар қоғамдық көліктерге қатысты наразылықтары мен ұсыныс-пікірлерін басқармаға бармай-ақ, «iKolik» қосымшасы арқылы да білдіре алады.

Қазіргі таңда қала аумағында жалпы саны 2335 автобус аялдамасы бар. Оның 940-ы жөндеуді талап етеді. Сондай-ақ бос орындарға жаңадан 438 аялдама орнатылған. Қала әкімдігі мен мәслихатының шешіміне сәйкес, биыл 1 мамырдан бастап 14 санаттағы азаматтар қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие болды. Олардың қатарында көпбалалы аналар мен мектеп оқушылары бар. Басқарма ұсынған статистикалық мәліметке сәйкес, қалада күніне 70 мың оқушы тегін қызметті пайдаланады.