Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Ізін ала 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні етіп жариялады. Еліміз осылай Отан алдындағы борышын өтеу кезінде қыршын кеткен сарбаздарын қайғырып еске алып жатыр.
Бірдің қайғысын мың бөлісер
Жалпы, бұл оқиға бір елдің ғана көңілін алаң етіп қоймады. Алыс-жақын елдердің бұқаралық ақпарат құралдары да оқиғаға зер салып, хабар таратып отырғанын аңғардық. Көрші елдердің басшылары да ел билігіне көңіл айтуды ұмыт қалдырмады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қазақстандық әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтқаны үшін ризашылығын білдіргенін Ақорда хабарлады. Мемлекет басшысы ел үшін осындай ауыр сәтте Қазақстан Ресей көшбасшысы мен халқының шынайы тілектестігін және қолдауын ерекше бағалайтынын атап өтті.
Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу жиыны кезінде қазақстандық әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхаттары мұнымен толастамады. Қазақстан Президентінің атына шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары келіп түсіп жатыр. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қаза болған жандардың туған-туыстарына, сондай-ақ Қазақстан халқына қайғыға ортақтасып көңіл айтты. Мемлекет басшысы қиын сәтте жұбату сөзін жеткізген әріптестеріне ризашылық білдіріп, халықаралық қолдау мен тілеулестіктің айрықша маңызды екенін атап өтті.
Аза тұту күні жөніндегі өкімге қол қойған сәтте Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмек көрсетуді тапсырғаны есте. Бұдан кейін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысындағы төтенше жағдай болған жерге шұғыл барды.
Кінәлілер қалай жазаланбақ?
Ауқымды құтқару және іздестіру жұмыстарына тартылған адам мен техника аз болмады. Операцияға 252 әскери қызметші, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ 4 тікұшақты қоса алғанда, 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды. Ведомстволардың күштері мен құралдарымен су айдыны, жағалау аймағы және оған іргелес аумақтар әуеден үздіксіз бақыланып, тексерілді.
«Хазар қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткені белгілі болатын. Қайғылы оқиға күні олардың 12-сінің мәйіті табылып, үш әскери қызметші құтқарылған еді. Қалған екі әскери қызметшінің денесі келесі күні табылды.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссияның отырысында бірінші кезектегі тергеу іс-шараларының нәтижелері және болған оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтау жөніндегі шаралар қаралғанын айта кетейік. Жиында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов екі бап бойынша қылмыстық іс қаралып жатқанын айтты. Олар: Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі («ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («кеме жүргізу қағидаларын бұзу»). Бұл баптар кінәлілерді 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.
– Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуларды ұйымдастыруға және құтқару іс-шараларын жүргізуге байланысты заңбұзушылықтарға жол берді деп күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Олардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі, – деді Санжар Әділов.
Көп өткен жоқ, Әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлерінің ротасының және «Қайсар» қатерінің командирлері, барлығы бес адам ұсталғаны хабарланды. Ішкі істер министрлігінің нұсқасы бойынша, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласынан 43 шақырым жердегі оқу-жаттығу барысында «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру кезінде қолайсыз метеорологиялық жағдай болған, салдарынан әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен. Тергеу жаттығуды ұйымдастыру және шешім қабылдаудың мән-жайларын, қауіпсіздік талаптарының сақталуын, ауа райы жағдайының ескерілуі, катердің техникалық жай-күйін, жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды әскерилердің әрекеттерін тексеріп жатқаны мәлім болды.
Мәселе Халық Кеңесінде көтерілуі мүмкін
Жалпы, ел тарихына зер салып қарасақ, кейінгісін қосқанда 13 рет аза тұту күні жарияланған екен. Басым бөлігі жерасты шахталары мен әскери салаға қатысты оқиғалар кезінде тіркелген. Қазақстанның саяси жүйесінде биыл ауқымды өзгерістер болып жатқанын білеміз. Соның бірі – құрамы осы аптада ғана белгілі болған Халық Кеңесінің құрылуы. Кеңес Құрылтайда қаралатын заң жобаларына бастамашы да бола алады. Бұл оқиғаға қоғам өкілдері, белсенділерден бастап, аталған органның мүшелері де пікір айтып үлгерді. Мәселен, Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбеновтің сөзінше, салаға ірі реформалар қажет. Оның ұсынысы бойынша, Халық Кеңесі мен Құрылтай жанынан әскерилердің мәселесін қарастыратын, тұрақты жұмыс істейтін комиссия құру керек.
– Армия жабық, оқшауланған топ болмауға тиіс. Бұл комиссияның құрамына міндетті түрде азаматтық қоғам өкілдері кіруі керек. Ол барлық тергеуге қол жеткізіп, Парламентке жүйелі ұсыныстар енгізгені жөн. Қатаң қоғамдық бақылау қажет. Екіншіден, бейбіт уақытта әскери соттардың монополиясын жойған абзал. Сарбаздардың қазасын азаматтық тергеушілер тергеп, істер ашық соттарда қаралуы керек. Ата-аналар шындықты білуге тиіс, – деді Халық Кеңесінің мүшесі.
Мұрат Әбенов бұған қоса «хабарлау және әскери құрмет көрсету хаттамасын» заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет екенін айтады. Бұл тақырып ел ішінде көп талқыланып жатқанын жасырмаймыз. Әскери қызметкердің қаза тапқан сарбаздардың есімін қоршаудың ішінде тұрып есімдерін атағаны көпшіліктің жанына батты. Біздің ойымызша, бұл мәселе алдағы уақытта мінберлерден айтылып, талқыға түсетіні сөзсіз. Ал әзірге таразының қай жағында әділет барын бағамдау қиын. Бір жағында әскери тәртіп негізінде әрекет еткен қызметкер, екінші жағында баласы үшін қайғы жұтқан ата-ана.
Қалай алғанда да, бұл оқиғаға қатысты тиісті ведомствоның жауаптыларын ақтай алмаймыз. Қыршын кеткен тағдырларды ешкім де қайтара алмайды. Дегенмен бұл оқиға тарихтағы трагедия ретінде ғана есте қалмай, әскери саладағы командирлердің, басшылардың жауапкершілігін арттыруға түрткі болғаны жөн. Сала әр сарбаздың қауіпсіздігіне кепілдік беруге міндетті дегеннен асырып айтарымыз жоқ.
Мадияр ТӨЛЕУ










