Ол – майдан шебінде жазылған сарыала хаттар. Оқ пен оттың ортасында туған сол хаттарда бір халықтың рухы, бір ұлттың намысы, бір буынның тағдыры жатыр. Қазақтың қос қаһарманы – Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин арасындағы хаттар да дәл сондай сол бір ерлікке толы жылдардан сыр шертетін тарихи әрі рухани қазына. Алаштың қос батыр ұлының арасындағы байланыс – жай ғана әскери әріптестік қана емес, ұлттық рухтың, азаматтық адалдықтың, парасат пен ерліктің тоғысқан тұсы еді. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл хаттар – тек архивтік дерек емес, тұтас бір дәуірдің жанды шежіресі десек те артық айтпаспыз…
Майданда басталған рухани туыстық
1941 жыл. Алматы маңында генерал-майор Иван Панфиловтың басшылығымен 316-атқыштар дивизиясы жасақталды. Осы құрамда майданға аттанғандардың арасында автоматшылар ротасының саяси жетекшісі Мәлік Ғабдуллин мен батальон командирі Бауыржан Момышұлы да болған еді. Бірі – отты мінезді қолбасшы, бірі – білім мен парасатты серік еткен жас офицер. Музей қорында сарымайдай сақталған қос батырдың арасында сол бір кезеңде жазысқан хаттарда олардың соғыс жағдайында үнемі жүздесіп, ұзақ пікірлесіп отыруына мүмкіндік болмағаны анық байқалады. Бірақ рухани үндестік оларды хат арқылы табыстырыпты.
Қос батырдың бір-біріне жолдаған хаттары негізінен төте жазумен жазылған. Өкінішке қарай, хаттардың бәрі толық сақталмаған. Мәлік Ғабдуллиннің өзі соғыс кезінде бірнеше қап материалдарының бомба астында жанып кеткені жайлы айтқан. Соған қарамастан, бүгінге жеткен хаттардың өзі екі тұлғаның арасындағы өте терең сыйластық пен сенімді анық аңғартады.
Жазысқан хаттарда әдеттегідей тек амандық-саулық сұрасу жоқ. Онда майдан ахуалы, ел тағдыры, ұлттық рух, әдебиет, тарих, адамгершілік, болашақ туралы ойлар өріліпті. Ең бастысы – бірін-бірі шексіз құрметтеген екі азаматтың ой тұңғиығындағы ішкі жан әлемі толық көрінеді.
Мәліктің Бауыржанға деген құрметі
Мәлік Ғабдуллин Бауыржан Момышұлын тек командир ретінде емес, рухани ұстаз ретінде қадірлеген. Оның Баукеңнің жары Жамал мен ұлы Бақытжанға жазған хаттарының өзінен сол ықылас анық байқалады.
«Біз Бауыржанның тәрбиесінде өскен адамдармыз» осы бір ауыз сөздің астарында атан түйеге жүк боларлық терең мағына жатыр-ау.
Мәлік батыр Баукеңнің «Қызыл Ту» орденімен марапатталғанын естіп, Жамалға жолдаған хатында ерекше қуанышы мен ыстық лебізін білдіреді. Бұл – майдан даласында бір адамның марапаты бүкіл қазақ сарбаздарының мерейіне айналған аса үлкен қуанышты кезең еді.
Ал Бауыржанның батыр өр тұлғасын сипаттаған жолдары күні бүгінге дейін оқырманды тебірентпей қоймайды:
«Батырлық, ерлік, өжеттік – бір кісінің бойында болатын қасиет емес… Бірақ осы екі қасиеттің екеуі де Бауыржанда бар». Мәліктің бұл сөздерінен оның адам танудағы көрегендігі, азамат қадірін бағалай білетін биіктігі аңғарылады. Ол тіпті «Егер жазушы болсам, көк күмбезді қағаз етіп, көкала дарияны сия етіп «Батырым, Ба-уыржан» деген хикая жазар едім», деп ағынан жарылады. Бұл – жалған мадақ емес, майданда бар жан-тәнімен сезінген шындық еді.
Мәлікке берілген атақ – ұлтқа берілген құрмет
Өшпес ерлігімен көзге түскен Қазақ ұланы – Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілуінде Бауыржан Момышұлының еңбегі ерекше болғанын атап өткен ләзім. Бұл туралы тарихи деректер де, Мәліктің өз хаттары да куә болады. Кеңес Одағының қылышынан қан тамған сұрқай саясат ұстанған сол кездегі жүйеде қазақ офицерінің ерлігін іс жүзінде бүтін бір Одаққа мойындату оңай шаруа да емес еді. Ұлтқа шекеден қарайтын, менсінбейтін шовинистік көзқарас күшті болатын. Осындай жағдайда Баукең майдандас інісінің ерлігін дәлелдеп, жоғарыға қайта-қайта хат жазып, ұсыныс жасағаны мәлім.
Мәлік кейінгі жазбаларында «Маған герой атағын берді. Бұл атаққа ұсынуда Баукеңнің еңбегі зор», – деп ақтарыла жазды. Шын мәнінде, бұл тек Мәлікке берілген атақ емес, бүкіл қазақ жауынгерінің жігерлі намысы, батылдығы мен отты жүрегін мойындау еді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы









