Балалар қауіпсіздігі басты назарда

Осыған орай Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «2025-2026 оқу жылының аяқталуы: каникул кезеңінде балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру» тақырыбында ауқымды брифинг өтті.

16 мың бала мектеп бітіреді

Шымкентте өткен брифинг барысында жауапты сала өкілдері оқу жылының аяқталуы қарсаң­ында оқушылардың өмірі мен ден­саулығын қорғау, құқық­бұзу­шы­лықтың алдын алу және қауіп­сіз демалысты ұйымдастыру бағы­тындағы кешенді шараларды тан­ыстырды. Биыл мектеп бітіру іс-шараларына қойылатын та­лаптар күшейтіліп, бақылау тетік­тері қатаңдатылды. Маман­дардың айтуынша, басты мақсат балалар­дың қауіпсіздігін толық қамтама­сыз етіп, жазғы кезеңді алаңсыз әрі тәртіпке сай өткізу.

Брифингке Шымкент қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Дәрібаева мен қалалық Полиция департа­менті Қоғамдық қауіпсіздік бас­қармасы бастығының орын­басары Данабай Әлиев қатысып, оқу жылының қорытындылары мен алдағы жазғы кезеңдегі қауіп­сіздік шаралары туралы жан-жақ­ты мәлімет берді. Қазір Шымкент қаласындағы 291 білім беру ұйым­ы­нда 277 мыңнан астам оқу­шы білім алады. Биыл 24 174 оқу­шы 9-сыныпты, ал 16 032 түлек 11-сы­ныпты тәмамдағалы отыр. Бұл – қаладағы білім беру жүйе­сі­нің ауқы­мын ғана емес, қауіпсіздік мә­се­лесінің де қаншалықты өзек­ті екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.  Оқу-ағарту мин­истр­лігінің тұжырымдамасына сәйкес, оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Осы күні барлық мектепте «Білім­ім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары ұйым­дастырылады. Танымдық әрі тәр­биелік мазмұндағы бұл шараларда оқушыларға білімнің қадірі, елге қызмет етудің маңызы, адал аза­мат болудың құндылықтары кеңі­нен насихатталмақ.

Даңғазаға жол берілмейді

Биыл мектеп бітіру рәсімдерін ұйымдастыру мәселесіне де ай­рық­ша назар аударылып отыр. Қалалық Білім басқармасы өкіл­дерінің айтуынша, аттестат тап­сыру салтанаттары тек білім беру ұйымдарының аумағында өткізі­леді. Артық даңғаза мен орынсыз сән-салтанатқа жол берілмейді. Әсіресе, мектеп бітіру кештерінде аниматорлар мен мерекелік агент­тіктерді тартуға, дастарқан жаюға, автокөлік шерулерін ұйымдас­тыруға және мұғалімдерге сыйлық алу мақсатында қаражат жинауға қатаң тыйым салынған. Бұл та­лап­тардың барлығы ең алдымен балалардың қауіпсіздігін қамта­масыз етуге бағытталған. Себебі соңғы жылдары мектеп бітіру кеш­теріндегі бақылаусыз серуен­дер, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы, түнгі уақыттағы қауіп­сіздік мәселелері қоғамда алаң­даушылық туғызғаны белгілі. Осы­ған байланысты биыл қала көлемінде қауіпсіздік шаралары бұрынғыдан да күшейтілмек.

Білім беру ұйымдарының бас­шыларына оқушылардың қау­іп­сіздігін бақылау, ата-аналар жиналыстарын өткізу, мектеп­ішілік кезекшілікті ұйымдастыру және түлектердің кештен кейін үйіне аман-есен жетуін қадағалау мін­дет­телді. Сонымен қатар по­ли­ция қызметкерлерімен бірле­сіп, адам көп шоғырланатын орын­дарда профилактикалық рейд­тер жүргі­зі­леді. Мамандардың пікірінше, басты мақсат оқу жылын жоғары деңгейде қорытын­ды­лап қана қоймай, балалардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу, құқықбұзу­шы­лықтарға жол бермеу және ата-ана жауап­кер­шілігін арттыру.

«Алтын белгіге» үміткерлер саны еселеп артты

Брифинг барысында ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық мә­селесі де кеңінен сөз болды. Биыл Шымкент қаласы бойынша 11-сыныпты тәмамдайтын 16 032 түлектің 10 287-сі, яғни 64,1 пайы­зы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдір­ген. Бұл жастардың жоғары білім алуға деген ұмтылысының жоғары екенін аңғартады. Тестілеу 12 маусым мен 10 шілде аралығында өтеді. Қалада талапкерлерге қол­ай­лы жағдай жасау мақсатында төрт аймақтық тестілеу орталығы дайындалған. Олар жоғары оқу орындары мен колледждердің ғи­мараттарында орналасады. Жау­ап­ты мамандар тестілеу кезінде академиялық адалдық талаптары қатаң сақталатынын, қауіпсіздік шаралары толық қамтамасыз етілетінін атап өтті. 

Биылғы оқу жылында үздік көрсеткішке үміткер оқушылар санының артуы да білім сапа­сы­ның жақсарғанының айқын көрі­нісі. Ресми деректерге сәйкес, «Ал­тын белгіге» 786 оқушы үміт­кер. Соны­мен бірге 11-сынып бой­ынша 1 123 түлек, 9-сынып бойын­ша 1 580 оқушы «Үздік» аттестаттан үмітті. Былтырғы жыл­мен салыстырғанда «Алтын белгіге» үміткерлер саны­ның 136-ға артуы білімге деген ын­та мен жауапкершіліктің күшей­генін көрсетеді. Алдағы күндері 9-сын­ып оқушылары төрт пәннен, 11-сынып түлектері бес пәннен қорытынды емтихан тапсырады. Білім саласының мамандары ем­ти­хандарды  ұйымдастыру жұмыс­тары толық бақылауда екенін жеткізді.

Шындығында, бала қауіп­сіздігі мектептің немесе құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкер­шілігі. Жазғы демалыс кезінде балалардың уақытын тиімді ұйым­дастыру, олардың бос уақыт­ын мазмұнды өткізуіне жағдай жасау, жолдағы, судағы және қо­ғамдық орындардағы қауіпсіздігін қамта­масыз ету әрбір ата-ананың, ұстаз­дың және қоғам мүшесінің азаматтық парызы. Өйткені қауіп­сіз ұрпақ елдің ертеңі. Ал саналы, білімді әрі аман ұрпақ тәрбиелеу мемлекет болашағына салынған ең берік инвестиция.

Назгүл НАЗАРБЕК, 

Шымкент қаласы