Кешеннің тарихи миссиясы уақыт өткен сайын жаңа мазмұнмен толығып, заманауи технология, жаңа өндіріс және халықаралық ынтымақтастық тоғысқан стратегиялық алаңға айналу мүмкіндігін алып отыр. Бұл ретте «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешені жобасының маңызы айрықша.
«Байқоңыр» десе, ең алдымен адамзаттың ғарышқа алғаш ұшуы, тұңғыш жасанды жер серігінің орбитаға шығарылуы еске түседі. Ғарыш тарихындағы осындай айтулы оқиғалар бұл кешеннің әлемдік маңызын айқындап берді. Алайда соңғы жиырма жылда ғарыш индустриясы түбегейлі өзгерді. Коммерциялық ғарыш қызметтері дамып, жерсеріктерді ұшыруға сұраныс артты. Жаңа технологиялар пайда болып, көптеген мемлекет өз ғарыш инфрақұрылымын қалыптастырды.
Осының барлығы «Байқоңырдың» бәсекеге қабілеттілігін сақтап, оның мүмкіндігін жаңа талаптарға бейімдеуді қажет етеді.
Байқоңырдың болашағын айқындайтын жоба
Осы тұрғыдан алғанда, «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешені Қазақстанның ғарыш саласындағы ең маңызды стратегиялық жобаларының бірі саналады. Өйткені оның мәні жаңа техникалық нысан салумен өлшенбейді. Жоба «Байқоңырдың» технологиялық мүмкіндігін жаңғыртып қана қоймай, халықаралық ғарыш инфрақұрылымындағы орнын сақтауға және нығайтуға бағытталған ұзақмерзімді бастама ретінде бағаланып отыр.
Биыл 30 сәуірде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан жаңа буындағы «Союз-5» («Сұңқар») зымыран-тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымының жүзеге асуы осы бағыттағы маңызды кезең болды. Бұл «Бәйтерек» жобасының практикалық тұрғыдан іске аса бастағанын көрсететін елеулі оқиға десек, қателеспейміз.
Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық келісім негізінде жүзеге асырылып жатқан аталмыш жоба аясында екі тараптың міндеттері де айқындалған. Атап айтқанда, Қазақстан тарапы ұшыру кешенінің жерүсті инфрақұрылымын жаңғыртуға және қажетті технологиялық жүйелерді қалыптастыруға жауап берсе, Ресей жаңа буындағы «Союз-5» зымыран-тасығышын әзірлеу міндетін атқарады.
Жобаның тағы бір маңызды артықшылығы, экологиялық талаптардың ескерілуі жоғары мәнге ие. Себебі жуырда ұшырылған жаңа буындағы зымыран-тасығыштың отын жүйесі бұрын қолданылған кейбір ауыр зымырандармен салыстырғанда қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұл «Байқоңырдың» ғарыштық қызметін заманауи экологиялық талаптарға сәйкестендіру тұрғысынан да маңызды рөл атқарады.
Өз кезегінде «Бәйтерек» жобасының мән-маңызы мен алдағы міндеттері жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі өкілдігінен сұрап білдік.
Өкілдіктің мәліметіне сәйкес, «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенінің Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор. Яғни бірегей жоба арқылы ғарыш айлағының техникалық мүмкіндіктерін жаңғыртып қана қоймай, оның әлемдік ғарыш инфрақұрылымындағы орнын сақтап, одан әрі нығайтуға мүмкіндік мол. Әсіресе осы арқылы Қазақстан мен Ресей арасындағы ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін алға тартады.
Осы ретте «Бәйтерек» кешенінің іске қосылуы «Байқоңырдың» технологиялық әлеуетін арттырып, заманауи зымыран-тасығыштарды ұшыруға қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруға жол ашатынын мәлімдеп отыр. Сондықтан жобаның жүзеге асуы Байқоңыр қаласының экономикалық және әлеуметтік дамуына да жаңа мүмкіндіктер беретініне сенім нық.
Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында жүзеге асып жатқан «Бәйтерек» жобасы Қазақстанның ғарыш саласындағы әлеуетін күшейтетін маңызды бастама ретінде жоғары мәнге ие. Алдағы уақытта кешеннің толыққанды іске қосылуы ғарыш қақпасының жаңа даму кезеңіне жол ашып, өңірдің инвестициялық және технологиялық мүмкіндіктерін арттыруға серпін береріне сенім зор.
Өңір экономикасына жаңа серпін
Әлемдік ғарыш индустриясының қарқынды дамуы ғарыш айлақтарының экономикалық маңызын да арттырып отыр. Бүгінде жерсеріктік байланыс, интернет, климаттық мониторинг, ауыл шаруашылығы, геология, навигация және басқа да көптеген салалар ғарыштық технологияларға тәуелді бола бастады. Демек, Байқоңырдың келешегі тек зымыран ұшыру көрсеткіштерімен өлшенбейді деген пікір қалыптасып келеді. Есесіне, экономикалық белсенділікті арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, жергілікті кадрларды даярлау және сервистік секторды дамыту тұрғысынан да маңызды рөл атқаруы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, «Бәйтерек» жобасының Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына берер мүмкіндігі мол.
«Бүгінде жоба аясында жергілікті халық арасынан 300-ге жуық азамат жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен қатар жоғары білікті мамандарды даярлау жұмыстары жүргізіліп, жергілікті кадрлардың кәсіби құзыреттерін арттыруға жағдай жасалуда. Жобаның маңызы тек зымыран ұшырумен шектелмейді. «Бәйтерек» – Байқоңырдың ұзақмерзімді даму перспективаларымен тікелей байланысты стратегиялық жоба. Оның іске асырылуы қаланың инженерлік, энергетикалық, коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндік береді. Өйткені заманауи ғарыш айлағының тиімді жұмыс істеуі үшін оның инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы да заманауи талаптарға сай болуы қажет. Осы бағытта облыс әкімдігі тарапынан Байқоңыр қаласының коммуналдық және энергетикалық жүйелерін кезең-кезеңімен жаңғырту мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Жалпы, «Бәйтерек» жобасы Байқоңыр үшін жаңа даму кезеңінің басталуына негіз болады деп есептейміз. Ол ғарыш айлағының техникалық мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті кадрлардың әлеуетін арттыруға, ғылыми-техникалық ортаны дамытуға және экологиялық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді. Байқоңыр – Қазақстанның ғана емес, бүкіләлемдік ғарыш саласының тарихында өзіндік орны бар бірегей қала. Сондықтан оның тарихи маңызын сақтай отырып, заманауи технологиялар, экологиялық қауіпсіздік және тұрақты инфрақұрылым негізінде жаңа даму кезеңіне шығаруды мақсат тұтамыз», – дейді бұл жөнінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Президенттің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай.
Қазір жоба аясында жергілікті халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік артқан. Сонымен қатар инженерия, автоматтандыру, электр энергетикасы, ақпараттық технологиялар, бағдарламалау және техникалық қызмет көрсету бағыттарында білікті мамандарға сұраныс ұлғая түскен. Бұл өз кезегінде өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне де жаңа талаптар қойып отыр.
Жаңа мүмкіндіктер алаңы
Негізінен, «Бәйтерек» кешені арқылы ғарыш айлағының жұмысы жанданып, Байқоңырға келетін мамандар мен мамандандырылған қызметтердің көлемі де артады деп күтілуде. Бұл бірінші кезекте қаладағы сервистік инфрақұрылымға деген сұранысты күшейтетін болады. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа нарық қалыптастыра алады деген пікір бар.
Бұдан бөлек, «Байқоңырдың» тарихи және ғарыштық әлеуеті туризм бағытында да жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны айтылады. Сонымен қатар кешеннің экономикалық және экологиялық тиімділігі де жоғары бағаланып отыр.
«Жалпы, «Бәйтерек» жобасы кешеннен ұшырылатын «Союз-5» («Сұңқар») зымыран-тасығышының отын жүйесінің бұрынғы зымыран-тасығыштарға қарағанда экологиялық қауіпсіздігі жоғары болуымен ерекшеленеді. Сондықтан «Бәйтерек» жобасының іске асырылуы «Байқоңырдағы» ғарыштық ұшырулардың экологиялық қауіпсіздігін арттыру бағытындағы маңызды қадам деп санаймыз. Бұл, әсіресе Байқоңыр қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары үшін айрықша маңызды. Ал экономикалық тұрғыдан алып қарасақ, жоба Байқоңырдың даму мүмкіндіктерін кеңейтеді. Оның жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, инженерлік-техникалық мамандарды даярлауға, заманауи технологияларды енгізуге және ғарыш саласына қатысты жаңа өндірістік әрі сервистік бағыттардың қалыптасуына мүмкіндік ашады. Сондықтан «Бәйтерек» Байқоңырдың жоғары технологиялар мен инновациялар шоғырланған орталық ретінде дамуына жаңа серпін береді деп айтуға болады», – деді Қайрат Ырзақұлұлы.
Жалпы, «Бәйтерек» жобасын бір ғана зымыран ұшыру кешені ретінде қабылдау жеткіліксіз. Яғни бұл стратегиялық жоба Байқоңырдың технологиялық әлеуетін жаңғыртуға, өңір экономикасына инвестиция тартуға, жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыруға және жаңа кәсіпкерлік бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді деп жоспарланған.
Осы тұрғыдан алғанда «Бәйтерек» жобасы Байқоңырдың жаңа тынысын ашатын маңызды қадам ретінде жоғары маңызға ие.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы









