«Әділет» партиясының өкілдері Павлодарда сайлаушылармен трамвайда кездесті

Әр сапар барысында жолаушылар партияның сайлауалды бағдарламасымен танысып, Құрылтай депутаттығына кандидаттармен және штаб мүшелерімен еркін пікір алмасып, өз ұсыныстары мен көкейіндегі сауалдарын жеткізуге мүмкіндік алады. Бұл туралы Aikyn.kz «Әділет» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Партияның Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбайдың айтуынша, мұндай ой кездейсоқ туған жоқ. Өйткені, Павлодар дегенде көпшіліктің көз алдына алдымен трамвай келеді. Бұл – қаланың тарихымен біте қайнасқан ерекше көлік. Сондықтан тұрғындармен етене араласудың, олардың пікірін тыңдаудың ең тиімді жолдарының бірі ретінде осы формат таңдалған. Брендтелген трамвайлар қаланың ең шеткі аудандарына дейін қатынап, партияның үнін әр тұрғынға жеткізбек.

Павлодар қаласы Трамвай басқармасының директоры Мүслім Махмұдовтың сөзінше, брендтелген трамвайлар күнбе-күн қаладағы бес бағытта қатынап, шамамен 5 мың жолаушыға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар  кәсіпорындағы «Әділет» партиясының бастауыш партия ұйымының құрамында 500-ге жуық қызметкер бар. Бұл ұжымның жалпы санының 95 пайызы.

Келбеті жаңарған трамвайдың алғашқы жолаушыларының бірі ерекше әсерін білдірді.

«Трамвайдың жаңарған түрін көргенде, қуанып кеттім. Бұрынғыдан өңі кіріп қалған екен. Сосын ішіне кіргенде партияның өкілдерін көрдім. Олар бағдарламасы туралы айтып берді. Сұрақтарымызға жауап берді. Аяқастынан осындай қызық болды. Олармен сөйлестік. Жылы шырайлы, жүзі жылы адамдар екен», – дейді тұрғын.

Павлодар облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Илья Теренченконың айтуынша, брендтелген трамвайлар – кеңауқымды сайлауалды жұмыстың бір бөлігі ғана.

Бүгінде партия өкілдері Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларында және облыстың барлық аудан орталықтарында тұрғындармен кездесу өткізіп жатыр. Ондағы мақсат –  «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының басымдықтарын түсіндіруден бөлек, халықтың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдап, оларды алдағы жұмыстың негізіне айналдыру.

Арнайы трамвайлардың таныстырылымына партияның Павлодар облыстық сайлауалды штабының мүшелері, Құрылтай депутаттығына кандидаттар, жастар қанатының белсенділері және Д.Д.Махмұдов атындағы Трамвай басқармасының басшылығы қатысты.

Осылайша, Павлодар көшелеріндегі трамвайлар енді құр қоғамдық көлік емес, тұрғындар мен партия арасындағы ашық диалогтың, әділетке негізделген болашаққа бастар ортақ жолдың символына айналып отыр.