«Әділет Керуені» ауыл тұрғындарына жол тартты

Ауыл тұрғыны үшін облыс орталығына барып, негізгі маманға қаралу әрдайым оңай емес. Алыс жол, уақыт пен қаржы шығыны кей жағдайда тұрғындардың медициналық тексеруден өтуін кейінге қалдыруына себеп болады. Осы мәселені ескере отырып, «Әділет» партиясының облыстық филиалы медициналық және әлеуметтік көмекті халыққа барынша жақындату мақсатында «Әділет Керуені» акциясын іске қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Шекаралық аудандарға жолға шыққан көшпелі керуен бірқатар аудандарды аралап, тұрғындарға медициналық және әлеуметтік бағыттар бойынша тегін консультациялық көмек көрсетті.

Акцияның маңызды бағыттарының бірі – онкологиялық аурулардың алдын алу және оларды ерте анықтау. Тұрғындарды Онкология және хирургия көпбейінді орталығының мамандарынан құралған көшпелі бригада қабылдады. Оның құрамында онкомаммолог, онкогинеколог, онкоуролог және онкохирург бар.

Мамандар тұрғындардың денсаулық жағдайына қатысты сұрақтарына жауап беріп, профилактикалық тексеруден уақытылы өтудің, алғашқы белгілерге мән берудің және ауруды ерте кезеңде анықтаудың маңыздылығын түсіндірді.

«Ауылдан облыс орталығына барып, мамандарға қаралу әр адамға бірден оңай емес. Сондықтан білікті дәрігерлердің ауданға келіп, тұрғындарды қабылдауы біз үшін өте қолайлы. Бір жерде бірнеше қажетті маманнан кеңес алуға мүмкіндік бар. Денсаулыққа қатысты сұрақтарды кейінге қалдырмай, дер кезінде дәрігерге қаралған дұрыс. Қарапайым ауыл тұрғындарына осындай қолжетімді жағдайда дәрігерлер тобын ұйымдастырып отырған «Әділет» партиясына және медицина мамандарына алғыстан басқа айтарым жоқ», – дейді Күршім ауданының тұрғыны Владимир Петров.

Онкология саласының мамандары да мұндай қабылдаулардың профилактикалық маңызы зор екенін атап өтті.

«Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау емдеу нәтижесіне тікелей әсер етеді. Сондықтан әр азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуі қажет. «Әділет Керуенінің» басты ерекшелігі – медициналық көмекті тұрғындарға барынша жақындату. Біз адамдардың сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, аурудың алдын алу, алғашқы белгілерді дер кезінде байқау және маманға уақытылы жүгіну жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», – дейді онколог дәрігер Ербол Кусаинов.

Көшпелі акция медициналық консультациямен ғана шектелген жоқ. Тұрғындарға әлеуметтік бағыттар бойынша да ақпараттық және консультациялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар  ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы өз бағыттары бойынша кеңес берді.

«Әділет Керуені» – медициналық қызметті халыққа жақындатуға бағытталған нақты жұмыс алаңы. Мұнда басты назар – тұрғынның мәселесін тыңдау, қажетті маманның кеңесін алуына мүмкіндік жасау және денсаулыққа қатысты мәселелерді дер кезінде анықтауға жағдай туғызу.

Көшпелі қабылдаулар 6 қазанда Күршім және Марқакөл аудандарының тұрғындары үшін ұйымдастырылса, 7 қазанда Зайсан және Тарбағатай аудандарында жалғасын табатын болады.

«Әділет» партиясының ұйымдастыруымен қолға алынған «Әділет Керуені» арқылы медициналық және әлеуметтік қызметтердің ауыл тұрғындарына қолжетімділігін арттыру, профилактикалық жұмысты күшейту және халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғаса береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.