Қауіпсіздікті көздейтін акция

Науқан аясында белсенділер мен құтқарушылар қалалық ин­фра­құрылымды тексеріп, жылыту жүйелерін қарап, қауіпсіздік құралдарын орнатуға көмектесіп жатыр. Қауіпсіз орта тұрақты жұмыс арқылы қалыптасады. Ал күн суытып, жылу беру маусымы басталған кезде қауіптің алдын алу мәселесі өте өзекті болмақ.

Мәселен, Абай облысында «Жас­тар Рухы» жастар қанатының белсенділері құтқарушылармен бірге жылу беру маусымындағы қауіпсіздік ережелерін тұрғы­н­дардың есіне салды. Ұйымның Абай облыстық филиалының төрағасы Темірлан Бақтияров осы кезеңде профилактикалық жұмыс жүргізу мәселесі неліктен аса маңызды екенін түсіндірді.

– Ереже сақтау – өмірдің ажы­рамас бөлігіне айналуы қажет. Әсіресе жылу беру маусымында қарапайым талаптарды елемеудің өзі ауыр зардап әкелуі мүмкін. Сондықтан жастарды қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бел­сенді атсалысатын күш ретінде көр­гіміз келеді, – деді ол.

Көкшетау қаласында партия­ластар қалалық инфрақұрылымға назар аударды. Белсенділер төтен­ше жағдайлар қызметінің маман­дарымен бірлесіп, ашық қалған құ­­­­дықтарды, жалаңаштан­ған электр сымдарын және қауіпті шұң­қыр­ларды анықтау мақ­са­тында көше­лерде тексеру жүргізді. Тұрғындар қауіпсіздігі қарапайым мәселелерге көңіл бөлуден бас­талады.

Атырау облысында тұрғын үйлерде, соның ішінде әлеуметтік жағдайы осал отбасылардың баспаналарында рейд жүргізілді. Құтқарушылар түтін таралуын ескертетін құрылғы орнатуға кө­мектесіп, қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауы өрт тұтануына себеп болатынын атап өтті. Негізгі қауіп-қатерлер – пеш­тегі ақау, электр желілеріндегі ша­мадан тыс жүктеме және бала­лардың қараусыз қалуы.

Ал Өскемен қаласында құтқа­ру­шылар, учаскелік полиция инс­пекторлары және жастар қауымы аулаларды аралап, пәтерлерді тексерді. Акцияға қатысушылар газ жабдықтарының жай-күйін зер салып, түтін таралуын ескер­т­етін құрылғылар орнатты. Ал­маты қаласында да жеке секторды аралау жұмысы жүргізілді. Партия өкілдері әлеуметтік жағдайы осал азаматтардың тұрмысымен таны­сып, түтінге улану қаупі жоғары болғандықтан, желдету жүйесін үнемі тексеріп отыру қажет екенін еске салды.

Қызылорда облысында Сыр­дария өзені жағалауы аймағына баса назар аударылды. Балық ау­лау мен табиғат аясында демалу кезеңі басталғандықтан, судағы жазатайым оқиғалар мен табиғи өрт туындау қаупі арта түседі. Құт­қарушылар тұрғындарды жаға­лау­дың тайғақ аумақтарында және ағысы қатты тұстарда аса сақ бо­лу­ға шақырды.

Қарағанды қаласында белсен­ділер тұрғындарға электр құрыл­ғы­ларын пайдалану ережесі тура­лы ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізді. Қостанай облысында құ­қықбұзушылықтардың алдын алу және компьютерлік клубтарда белгіленген талаптардың сақта­луын бақылау мақсатында поли­ция қызметкерлері мен жастар қауымы түнгі рейд өткізді.

Түркістан облысында партия­лас­тар мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барып, жеке сектордағы газ қауіпсіздігі жағда­йын тексерді. «Жастар Рухы» жас­тар қанаты Түркістан облыс­тық филиалының төрағасы Ерке­бұлан Мадиярұлы атқарылған жұмыс туралы айтып берді.

– Біз қауіпсіздік мәселесі тура­лы көп айтамыз. Алайда бұл сөз­дің шынайы мәнін өрт сөн­ді­рушілердің жұмысымен танысқан кезде барынша терең түсінесің. Олар­дың әрбір әрекеті адам өмі­рімен байланысты, – деді ол.

Шымкент қаласында «Әділет» партиясының жастары өрт сөн­діру гидранттарының техникалық жағдайын тексерді. Бір әл-Фараби ауданының өзінде шамамен осындай бес жүз нысан бар.

«Қауіпсіз қала» акциясы елі­міздің барлық өңірінде жалғасып жатыр. Осылайша, еліміздегі кө­ше­лер мен тұрғын үйлердің қауіп­сіздігі арта түспек. «Әділет» пар­тиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты белсенді жастармен бірге барлық анықталған мәселені толық жойылғанға дейін бақы­лауда ұстайды.