«Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдауында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Ербол Данағұлов азаматтарды қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Астана, Алматы және өзге өңірлердің тұрғындары экология, алаяқтық, жеке сот орындаушыларының жұмысы, салық саласы және басқа да мәселелерді көтерді. Кейбір азаматтар қабылдауға онлайн қосылды.
Қабылдауға келген Владимир Ремизов Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы экологиялық жағдайға алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, елді мекенде фермалар мен ірі қара саны көбейіп, жағымсыз иіс пен антисанитария тұрғындардың күнделікті өміріне әсер етіп отыр.
– Бізде экологиялық жағдай өте күрделі. Сасық иіс, лас орта, антисанитария. Өңірде фермалар көп. Әрқайсысында шамамен 3000 бас малдан бар. Адамдар ауырып жатыр. Кейбір тұрғындар үйлерін сатып, көшіп кеткісі келеді. Бірақ бұл оңай емес. Адамдар тұншығып өмір сүріп жатыр, – деді тұрғын.
Оның сөзінше, үш жыл бұрын жүргізілген сараптама кезінде кейбір көрсеткіштер шекті рұқсат етілген концентрациядан 82,5 есеге дейін жоғары болған. Ал биыл жүргізілген өлшеулер көрсеткіштердің белгіленген нормадан төмен екенін көрсеткен.
– Олардың мәліметіне сүйенсек, қазір біздің ауа өте таза. Бірақ тұрғындардың пікірі мүлдем басқа, – деді Владимир Ремизов.
Осыған байланысты ол ауа сапасын қайта тексеріп, елді мекендегі мал саны мен тұрғындардың денсаулығына қатысты деректерді салыстырып қарауды ұсынды.
«Әділет» партиясының депутаты Ербол Данағұлов бұл мәселені жекелеген шағымдар деңгейінде қалдырмай, нақты деректер негізінде зерделеу қажет екенін айтты.
– Бұл жерде жекелеген өтініштермен шектелмей, жағдайды нақты деректер негізінде қарау маңызды. Мен әкімдікпен және Экология министрлігімен сөйлесіп, қажетті ақпаратты сұратамын. Осыдан кейін әрі қарай қандай шаралар қабылдау керегін талқылай аламыз, – деді Ербол Данағұлов.
70 мың долларын қайтара алмай жүрген азамат депутаттан көмек сұрады
Қабылдауда елорда тұрғыны Болысбек Құсайынов та өз мәселесін көтерді. Оның айтуынша, осыдан 17 жыл бұрын бірге жұмыс істеген адамына шамамен 70 мың доллар берген, алайда қаржысын әлі күнге дейін қайтара алмай жүр.
Б. Құсайыновтың сөзінше, олар Қазақстан мен Ресей арасында дәрілік өнімдер тасымалдаумен айналысқан. Кейін екінші тарап Ресейде қалып, сол елдің азаматтығын алған.
– Ол кедендік мәселелерге өзі жауап беретінін айтып, қомақты қаржы сұрады. Біз бірге жұмыс істеп жүрдік. Мен оған еш күдіктенбестен шамамен 70 мың доллар бердім. Бірақ ешқандай шығынды өтемеген. Менің барлық шотым бұғатталып, елден шыға алмай қалдым. Ал ол Ресейде қалып, сол елдің азаматтығын алған. Мен ақшамды қайтара алмай жүрмін, – деді ол.
Оның айтуынша, осы мәселе бойынша ішкі істер органдары мен прокуратураға бірнеше рет жүгінген. Сондай-ақ азаматты халықаралық іздеуге жариялауды сұрап, оның деректері мен мекенжайын да көрсеткен.
Ербол Данағұлов қолда бар материалдардың барлығын ресми өтінішке тіркеуді ұсынды. «Әділет» депутаты құжаттарды Бас прокуратура өкіліне жеткізіп, мәселені құзырлы органдармен қосымша талқылайтынын айтты.
– Сіздің өтінішіңізді назардан тыс қалдырмаймыз. Мәселені нақты қарастырып, оның қаралуына қол жеткізу үшін барлық материалды ресми түрде рәсімдеу керек. Мәселе тез шешіледі деп уәде бере алмаймын, бірақ құзырлы органдардан жауап алу үшін жүйелі түрде жұмыс істейміз, – деді депутат.
Жеке сот орындаушысының жұмысына да шағым айтылды
Қабылдауға келген Сергей Тарабрин жеке сот орындаушысының әрекетіне қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, ол берешекті есептеу және қаражатты ұстап қалу тәртібіне бірнеше рет шағымданған. Алайда түрлі мекемеге жолдаған өтініштері нәтиже бермеген.
Тұрғын айтылған деректерді тексеруге және жағдайды анықтауға көмектесуді сұрады.
Ербол Данағұлов оған қолындағы құжаттарды өтінішке қоса тіркеп, ресми түрде тапсыруды ұсынды. Депутат мәселені әрі қарай қарау үшін алдымен барлық құжат пен істің мән-жайын зерделеу қажет екенін жеткізді.
Кәсіпкерлер мемлекеттік органдармен ашық диалогты сұрайды
Қоғамдық қабылдауда салықтық әкімшілендіру және кәсіпкерлердің мемлекеттік органдармен қарым-қатынасы да сөз болды.
Қоғамдық ұйым өкілі Гуля Асимова салық төлеушілер кездесіп отырған қиындықтар туралы айтып, бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты күшейту қажеттігін көтерді. Оның ішінде уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдерінің салалық қоғамдық форумдарға қатысуы мәселесіне тоқталды.
«Әділет» партиясының депутаты ұсыныстарды тыңдап, тиісті мемлекеттік органдармен өзара байланыстың маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай қоғамдық қабылдаулар жекелеген азаматтардың мәселесін қараумен ғана шектелмей, кеңірек талқылауды қажет ететін ортақ мәселелерді де анықтауға мүмкіндік береді.
Қабылдауда бұдан бөлек ауылдағы құс шаруашылығын дамыту және импортты алмастыру, саяжай және бау-бақша кооперативтерінің мәселелері көтерілді.
Туған анасын іздеп жүрген азамат та көмек сұрады
Қоғамдық қабылдауға келген тағы бір азамат туған анасын табуға көмектесуді сұрады. 36 жастағы ер адам Ақмола облысының Щучье қаласында дүниеге келгенін, кейін асырап алған ата-анасының тәрбиесінде өскенін айтқан. Соңғы үш жылдан бері Астанада тұрады.
Ербол Данағұлов қабылдауда азаматтардың бір-біріне ұқсамайтын түрлі мәселелер көтергенін атап өтті.
– Бүгін экология мәселесі, алаяқтық мәселесі және ата-анасын іздеп жүрген жандар да бізге жүгінді. Кейбір мәселелер мемлекеттік органдарға байланысты болып отыр. Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдауға байланысты ұсыныстар қаралды. Әр адамның әртүрлі мәселесі айтылды. Осылардың барлығы құзыретімізге сәйкес қарап, бізге жүгінген адамдарға көмек беріледі, – деді Құрылтай депутаты Ербол Данағұлов.
Оның сөзінше, азаматтардың өтініштері қоғамдық қабылдауда тіркеліп, құзырлы мемлекеттік органдарға жолданады.
– Құрылтайда 146 депутат бар. Оның 110-ы «Әділет» партиясынан сайланған. Әр депутат кестеге сәйкес қабылдау бөлмесіне тіркелген. Өзім де қабылдауға тұрақты қатысуды жоспарладым. Сонымен қатар Құрылтайда қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Қазір e-kurultai.kz және e-Otinish арқылы арыз-шағым қабылдаймыз. Соның негізінде барлығын тіркеп, жағдайды реттеуге жұмыс істейміз, – деді депутат.
Қоғамдық қабылдауда сегізге жуық азаматтың мәселесі тыңдалды. «Әділет» партиясының депутаты көтерілген мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жалғаса беретінін жеткізді.









