Жеңіс күні қарсаңында «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов тыл еңбеккері Анна Погребнаяны мерекемен құттықтады , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бүгінде 101 жасты бағындырған қария Астана қаласында ғұмыр кешуде.
Қаһарлы жылдардың суығына тоңып, ыстығына төзген тыл еңбеккері 1924 жылы 13 желтоқсанда Ақмола облысы Ақкөл ауданы Урюпинка ауылында дүниеге келді. Саналы ғұмырын білім беру саласымен сабақтастырып, ұзақ жыл балалар үйінде тәрбиеші болып мазмұнды еңбек етті. Осы уақыт аралығында зейнеткер «Ерен еңбегі үшін» медалімен және өзге де мерейтойлық наградалармен марапатталды.
«Соғыс жылдары біздің буын ортақ мақсат төңірегінде топтасып, Жеңіс күнін жақындатуға аянбай атсалысты. Әр азамат осы мақсатқа жету үшін ел мүддесі жолында қалтқысыз қызмет етті. Бүгінгі бейбіт өміріміз – сын сағатта сыр бермеген қайсарлықтың, күш-жігердің, табандылық пен төзімділіктің жемісі. Сондықтан тұғырдан түспеген тұрақтылық пен тыныштықты бәрінен биік қоямын. Ел шетіне жау келмесін. Ырысымыз бен ынтымағымыз арта берсін», – деді Анна Погребная.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов партия тарапынан ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.
«AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында егде жастағы отандастарымызға жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Жалғызбасты қарияларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіледі, үйлерінің аумағын тазалау жұмысы жүргізіледі. Сондай-ақ осы жоба аясында еліміздің әр өңірінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылды. Бұл орталықтарда түрлі семинарлар мен үйірмелер ұйымдастырылады. Онда ардагерлеріміз шығармашылықпен, музыкамен айналысып, жаңа дағдыларды меңгереді, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Басты мақсат – ардагерлердің ерен ерлігін ұрпақ жадында жаңғырту», – деді ол.
«AMANAT» партиясы алдағы уақытта қарияларға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың мемлекет пен қоғам дамуына қосқан үлесін әркез дәріптей береді.










