Оған депутаттар, ата-аналар мен қамқоршылар, экологтар, дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер, банк секторының және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
– Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар өздерін жалғыз сезінбеуі керек. Бұл – аса маңызды. Бүгін осы алаңда оларды тыңдауға, көмектесуге және бірлесіп шешім іздеуге дайын жандар жиналды. Осындай кездесулер тең мүмкіндіктер қоғамын құруға жол ашады, – деді «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының амбассадоры Александр Толмачев.
Іс-шара барысында бірнеше тәжірибе алаңы ұйымдастырылды. Бұл қадам әр қатысушыны толғандырған сұраққа нақты жауап табу мақсатында жасалды. Консультациялық секторда денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау салаларының қызметкерлері және зейнетақы орталығының мамандары азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, түсіндіру жұмысын жүргізді. Сонымен қатар іс-шараға қаладағы барлық емхана өкілдері қатысып, балаларды медициналық тұрғыда сүйемелдеу мен оңалту мәселесі бойынша ата-аналарға кеңес берді. Сондай-ақ жәрдемақы рәсімдеу, арнайы қызмет көрсету, білім беру және балаларды болашақта жұмысқа орналастыру төңірегінде толық ақпарат ұсынылды.
Психологиялық қонақжайда Өңірлік психологиялық қолдау орталығының мамандары аналармен де, балалармен де өзара жұмыс істеді. Олар қатысушыларға түрлі көмек көрсетіп, пайдалы кеңес берді.
Ал жеке мәселе бойынша қабылдау бөлмесінде азаматтар мәслихат депутаттарымен және мемлекеттік органдардың басшыларымен әңгімелесіп, қордаланған түйткілдерді ортаға салды.
Іс-шара барысында ІІ топ мүгедегі, есту қабілеті бұзылған Дархан Мырзаханов есімді азаматтың жетістігі талайды тамсандырды. Ол Павлодар сервис және тамақтану колледжін сәтті аяқтап, мамандық иесі атанды. «Шексіз мүмкіндік» партиялық қосалқы жобасы аясында аталған оқу орнымен ынтымақтастық меморандумы жасалып, дәл осы келісім арқылы Дархан Мырзаханов өзі оқыған колледжге ресми түрде жұмысқа орналасты.
– Қоғамға пайдалы болу және азаматтардың қолдауын сезіну – мен үшін өте маңызды. Сенетін, үміт артатын адамдар қасыңнан табылса, келер күнге деген сенімің нығаяды. Сондықтан өзге де жас азаматтарға айтарым, ешқашан жасқануға болмайды. Үнемі жақсылыққа, білімге ұмтылу қажет, – деді Дархан Мырзаханов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ерекше күтім – ерекше қолдау» жобасы – бірреттік іс-шара емес. Бұл – Павлодар өңіріндегі инклюзивті ортаны дамытуға және көмекке мұқтаж жандарға тұрақты қолдау көрсетуге арналған ашық диалог алаңы.
Тілек ҚАБЫЛ










