Бүгін, Қайырымдылық айлығының алғашқы күнінде «Чапаев» бастауыш партия ұйымы мен Чапаев ауылдық округінің бірлесіп ұйымдастыруымен аудан орталығындағы «Бұлақ» дүкенінде ерекше бұрыш ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ерекше дейтін себебіміз – осы бұрышқа қойылған тауарларды қолдауға мұқтаж отбасы мүшелері тегін ала алады. Оның тағы бір артықшылығы – бүгін ашылып, ертең жабылып қалмайды. Тұрмысы төмен ауылдастар үшін қазан айының 31-іне дейін осы бұрыштан қажет дүниесін алуға мүмкіндік бар.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, «Чапаев» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ф.Уахитовтың айтуынша, қайырымдылық айлығының әр күніне белгілі бір мекемелер бекітілген. Олар бұрышқа әлеуметтік маңызы бар тауарларды күн сайын жеткізіп отырмақ.
Екі жақты игі бастама аясында ұйымдастырылған қайырымдылық бұрышының ашылуына орай шағын салтанат өтіп, оған «Әділет» партиясының аудандық филиалының басшысы А.Ермұқанов, «Чапаев» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ф.Уахитов, Чапаев ауылдық округінің әкімі Б.Карл қатысып, ізгі тілектерін білдірді.
Қайырымдылық акциясының алғашқы күнінде бұрышты тауармен «Чапаев» бастауыш партия ұйымы мен Чапаев ауылдық округінің ұжымы толтырды. Мұнда ұн, макарон, сүт өнімдері, қант, күнбағыс майы, көкөніс түрлері мен шай қойылған. Әр отбасы өзіне қажеттісін тегін алып, қолдау білдірген жандарға ризашылығын арнады.
Әлбетте, қайырымдылықты, жүрек жылуын шын қолдауға мұқтаж жандарға даңғаза сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек. Осы ретте бастауыш партия ұйымы мен ауылдық округтің бірлесе қолға алған бұл бұрышы – мұқтаж отбасыларға күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлікті тегін алып, аз да болса жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін игі бастама. Ең бастысы, бұл жерден көмек алған жан өзін жалғыз сезінбейді. Өйткені ел ішінде «Біреу біреуге сүйеу» деген жақсы сөз бар. Бірінің қолдауы екіншісіне демеу болған осындай ізгілік жалғасын тапса, қайырымдылық айлығының да мәні тереңдей түспек.










