Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, цифрлық экономиканы қалыптастыру, жасанды интеллектіні енгізу және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі басым міндеттерді айқындады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Президент бастамаларын жүзеге асыру жолдары мен бұл үдерістегі жастардың рөлі «Әділет» партиясының Жастар қанаты ұйымдастырған Bir Tolqynda ашық диалог алаңдарында талқыланды.
Кездесулер еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласында бір мезгілде өтті. Оған жастар, саясаттанушылар, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен жастар көшбасшылары қатысты.
Жастардың қоғамдық өмірге қатысуы мен азаматтық жауапкершілігі Қостанай қаласында өткен кездесуде де сөз болды. Талқылауға қатысқан Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұрбек Әбдібеков Жолдауда айқындалған міндеттердің қоғамдық маңызына тоқталды.
«Мемлекет басшысының Жолдауында ел дамуының нақты бағыттары айқындалды. Оның негізгі өзегі – креативті жастардың рөлін күшейту және әділетті қоғам құру. Бүгінгі жастар тек болашақ емес, бүгінгі өзгерістердің қозғаушы күші. Азаматтық жауапкершілік, патриотизм, заңға құрмет – осы құндылықтар қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің негізі», – деді Нұрбек Әбдібеков.
Диалог алаңында қатысушылар Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асыру жолдары туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, цифрлық технологияларды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелері қозғалды. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Халықтық құрылыс» бағыты, 2027 жылдың Жалпыхалықтық құрылыс жылы ретінде белгіленуі, патриотизм мен қоғамдық келісімді нығайту мәселелері сөз болды.
«Әділет» партиясы Жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитовтың айтуынша, Bir Tolqynda алаңдарының басты мақсаты – Жолдаудағы бастамалардың жастар өмірімен байланысын ашып, олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау.
«Бүгінгі жастар елде болып жатқан өзгерістерді сырттай бақылаушы емес, сол үдерістерге белсенді қатысушы болуы керек. Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген цифрландыру, жасанды интеллект, кәсіпкерлікті дамыту және заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері жастардың болашағымен тікелей байланысты. Сондықтан біз үшін Жолдаудың негізгі бағыттарын айтып қана қоймай, жастардың ұсыныстарын тыңдау, олардың бастамаларын қолдау және нақты іс-қимылға ынталандыру маңызды», – деді Ержан Хамитов.
Алдағы уақытта «Әділет» партиясының Жастар қанаты өңірлерде ашық кездесулер, пікірталастар мен сарапшылық алаңдарды ұйымдастыруды жалғастырып, жастардың өзекті мәселелері мен ұсыныстарын талқылауды, олардың бастамаларын жүзеге асыру жолдарын қарастыруды жоспарлап отыр.










