«AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағұл Байкешевті құттықтады

«AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағұл Байкешевті құттықтады , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ғасыр жасаған майдангер бүгінде 102 жасты алқымдап отырған жайы бар.

Ол 1941 жылғы 7 тамызда – небары 17 жасында майдан даласына аттанды. Бозбала 101-бригада құрамында ұрысқа араласты. Әр жылдары Ржев және Великие Луки үшін болған шайқастарға қатысты. Бұған қоса, Польшаны, Румынияны және Мажарстанды азат етуге өлшеусіз үлес қосты. Ерлігі еленіп, «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Г. К. Жуков» медалімен және басқа да марапаттармен наградталды.

«Отан – қастерлі ұғым. Оны көздің қарашығындай қорғау – әр азаматтың парызы. Сұрапыл соғыс жылдары еңселі елімнің амандығын ойлап, майдан даласына аттандым. Қазақ даласынан жырақтап, Еуропаны шарладым. Бұрын естіп-білмеген талай жерге табан тигіздім. Толарсақтан қан кешіп, туған жерімнің тұтастығы, келер ұрпақтың баянды өмірі үшін отқа түстім. Қазір сол ұйқысыз түндерім мен күлкісіз күндерімнің жемісін көріп отырмын. Еліміз – азат, аспанымыз – ашық. Ең басты байлық – осы», – деді Рзағұл Байкешев.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев ел азаматтары ардагерлердің ерен ерлігін ерекше құрметтейтінін жеткізді.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлтына қорған болған ержүрек жауынгерлердің есімін ұрпақ жадында сақтауымыз керек», деген еді. Расымен де, күрделі кезеңде батырлығын байрақ етіп көтерген бабаларымыздың ерлігі ел есінен өшпеуі керек. Заман өзгергенімен, тарлан тарихымыз өзгермейді. Әрбір ардагердің жүріп өткен жолы – тағылымның тал бесігі. Арамызда сөзі сүбелі, ойы орамды аға буын өкілдері барда әрдайым бірлігіміз бекем, татулығымыз тұғырлы, келешегіміз кемел болмақ», – деді Ержан Жылқыбаев.

«AMANAT» партиясы қариялардың тұрмысын түзеу және жағдайын жақсарту ісін әрдайым жалғастыра береді.