Шығыс Қазақстандағы нақты өзгерістер

Өңірде 10 жаңа мектеп салынды, 38 медициналық нысан пайдалануға берілді, 1,1 млн шаршы метр тұрғын үй тапсы­рылып, 9,5 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар 1 300 шақырымнан астам жол жөнделіп, елді мекендер толықтай таза ауызсумен қамтамасыз етілді.

Жастарды қолдау бағытында 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, мыңдаған азамат кәсіпкерлікті дамытуға қаржылай қолдау алды. Бұл – партия бағдарламасы­ның өңірде нақты іске асып жатқанын көрсететін негізгі көрсеткіштер. 

Аталған нәтижелер Өскеменде өткен «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс XXXVI конференциясында жан-жақты қаралды. Жиында сайлауалды бағдарлама­ның орындалу барысы ғана емес, оны жүзеге асырудағы жүйелі мәселелер мен тәуекелдер де талқыланды.

Атап айтқанда, бірқатар инвестициялық жобаның кешеуілдеуі, әлеуметтік нысандар құрылысы мерзімінің ауысуы және қар­жы­лық шектеулерге байланысты кей бас­тамалардың кейінге қалуы сөз болды. Бұл мәселелер партия бақылауында бола­тыны бекітілді.

Конференция жұмысына партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев, облыстық филиалдың Саяси кеңес, Бюро мүшелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі мен бақылау комиссияларының төрағалары, мәслихат депутаттары, қоғам­дық ұйым өкілдері, сондай-ақ аудан, қа­лаларынан сайланған 175 делегат қатысты.

Ержан Жылқыбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы партия жұмысының өзегіне айналуға тиіс екенін атап өтті. Бұл дегеніміз – әр азаматтың мәселесі назардан тыс қал­мауы керек. Ал партия сол мәселені нақты шешетін институт ретінде жұмыс істеуі қажет.

Жиында қарастырылған негізгі тақырыптың бірі – облыстық филиал төрағасын сайлау. Делегаттардың бірауыздан қолдауымен бұл қызметке Жанат Мекеева сайланды.

Өз сөзінде жаңа төраға филиал жұмысының негізгі басымдықтарын нақты белгіледі: қоғамдық қабылдаулардың тиімділігін арттыру, бастауыш ұйымдар жұмысын күшейту, партиялық жобаларды жүйелі дамыту және депутаттық корпуспен өзара іс-қимылды жандандыру.

– «AMANAT» – нақты істер партиясы. Әрбір бастама нақты нәтижемен дәлел­денуге тиіс, – деді ол.

Конференция барысында Саяси кеңестің жаңа құрамы да бекітіліп, оның 55%-ы жаңартылды. Құрамға барлық аудан, қала өкілдері кіріп, әйелдер үлесі 36%-ды құрады. Сондай-ақ бақылау-тексеру комиссиясы қайта жасақталып, партия ішіндегі ашықтық пен есептілік тетіктері күшейтілді.

Бұл – партияның ішкі трансформа­циясының жалғасы. Өңірдің барлық аумағын қамтыған жаңа құрам, әйелдер үлесінің артуы – шешім қабылдау жүйесінің кеңейіп жатқанын көрсетеді.

Тілек ҚАБЫЛ