Қостанай облысының мемлекеттік қызметшілері «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында кітап оқу мәдениетінің жоғары деңгейін көрсетті. Өңірде жобаға 400-ден астам өтінім тіркеліп, финалдық кезеңге үздік 75 қатысушы жолдама алды. Жоба ережесіне сәйкес, қатысушылар қыркүйектен наурызға дейін 15 кітаптан оқып шықты. Оқу кезеңі мен тестілеуден кейін финалистер 60 сұрақтан тұратын қорытынды квизде үш адамнан құралған командалармен бақ сынасты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық кезеңге қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, түрлі деңгейдегі әкімдіктердің бөлім басшылары мен мамандары, сондай-ақ департаменттер мен басқармалар өкілдері қатысты.
Қорытынды нәтижелер:
Қазақ лигасы
1-орын – Қостанай қаласының командасы
2-орын – Амангелді ауданы мен облыс орталығының құрама командасы
3-орын – Жангелдин ауданының командасы
Орыс лигасы
1-орын – Федоров ауданының командасы
2-орын – Қостанай қаласының командасы
3-орын – Қарасу ауданының командасы
Квиз қорытындысы бойынша жеңімпаздар «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысу туралы өз пікірлерімен бөлісті.
Гүлзат Қайратқызы Сидахметова, Қарасу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы: «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» байқауына қатысу біз үшін үлкен тәжірибе әрі ерекше рухани серпіліс болды. Бұл жоба тек жарыс қана емес, кітапқа деген қызығушылықты арттырып, ауданымызда оқу мәдениетін нығайтуға үлкен үлес қосуда».
Жанар Есімсейтова, Амангелді ауданы Қарасу ауылдық округі әкімдігінің бас маманы: «Кітап оқитын ұлт – өте қажет бастама. Алғашында тапсырма ретінде оқыдым, кейін қызығушылықпен жалғастырып, рухани азық алдым. Қаласаң, күн сайын кітап оқуға уақыт табуға болады. Финалда командалық жұмыс ерекше әсер қалдырды. Осындай жобалар еліміздің болашағы үшін жалғасуы тиіс».
Мұрат Саутпаев, Қарасу ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы: «Бұл жобаға қатысу – маңызды әрі пайдалы тәжірибе. Кітап оқу кәсіби дамуға тікелей әсер етеді. Дайындық барысында тәртіп пен уақытты талап етті, бірақ өте қызықты өтті. Әріптестермен пікір алмасу ерекше құнды болды».
Жоба қазіргі мемлекеттік қызметшінің жан-жақты, білімді әрі зияткер тұлға екенін тағы бір рет дәлелдеді.
Бүгінде «Кітап оқитын ұлт» жобасына 189 мыңнан астам адам қатысуда. Олардың қатарында мектеп оқушылары, колледж және ЖОО студенттері, педагогтер, отбасылық династиялар мен мемлекеттік қызметшілер бар.
Жоба «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен Қарағанды, Қостанай облыстары және Шымкент қаласы әкімдіктерінің, «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Салтанатты марапаттау рәсімі Ұлттық кітап күні қарсаңында өтеді деп жоспарланып отыр.










