Бүгінде QAISAR жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып, жас буынның әскери-патриоттық тәрбиесіне серпін беріп келеді. Мұндай бастамалар арқылы жастарға тарихи мұраны құрметтеу, ата-баба ерлігін ұлықтау және тәуелсіз елдің болашағына жауапкершілікпен қарау идеялары кеңінен насихатталуда. Себебі өткенін қадірлеген ұлт қана болашағын нық қалыптастыра алады. Осы бағыттағы маңызды іс-шаралардың бірі Түркістан облысының Арыс қаласында өтті.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен және жергілікті әскери бөлімнің қолдауымен жастарға арналған танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Аталған шараның басты мақсаты – жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру, олардың бойында патриоттық рухты күшейту және ел қорғау ісінің маңызын терең түсіндіру. Іс-шараға қоғам өкілдері, ардагерлер және партия белсенділері қатысып, жастармен еркін форматта пікір алмасты. Атап айтқанда, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы, облыстық мәслихат депутаты, Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, запастағы подполковник Жаңабай Медетбеков, сондай-ақ өңірдің ардагерлері мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, жас буынмен тәжірибе бөлісті.
Экскурсия барысында әскери бөлім қызметкерлері жастарға әскери өмірдің ерекшеліктерін таныстырып, қару-жарақ пен әскери техникалардың мүмкіндіктері туралы кеңінен мәлімет берді. Жастар сарбаздардың күнделікті тұрмыс-тіршілігімен танысып, әскери қызметтің тәртібі мен жауапкершілігін өз көздерімен көрді. Бұл олардың әскери салаға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ел қорғау ісінің маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді. Кездесу барысында Қалыйма Жантөреева жастарға арнап мазмұнды сөз сөйлеп, патриоттық тәрбиенің маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі жастар елдің ертеңгі тірегі, сондықтан олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру баршаның ортақ міндеті.
– Отан қорғаушылар күні – әскери қызметшілердің ғана емес, ел тыныштығы мен қауіпсіздігіне үлес қосып жүрген әрбір азаматқа көрсетілетін құрмет. Бүгінгі жас – ертеңгі ел қорғаны. Сондықтан жастар жауапкершілікті сезініп, тәртіп пен адалдықты басты ұстаным етуге тиіс. Осындай іс-шаралар арқылы біз олардың бойында елге деген сүйіспеншілікті арттырып, азаматтық ұстанымын қалыптастырамыз, – деді ол.
Іс-шара барысында жастар әскери қызметтің қыр-сырын жан-жақты меңгеріп, оны тәртіп пен талап қана емес, үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті қажет ететін сала екенін түсінді. Сонымен қатар олар командалық жұмыс, көшбасшылық, жедел шешім қабылдау сияқты маңызды дағдылардың маңызын ұғынды. Экскурсияға қатысқан жастар әскери анттың мәнін терең түсініп, Отан қорғау ар-намыс пен жауапкершілікке негізделген қасиетті ұғым екенін сезінді. Бұл олардың бойында елге деген құрметті арттырып, азаматтық позициясын нығайтты. Жалпы алғанда, QAISAR жобасы аясында өткен бұл танымдық экскурсия – жастар тәрбиесінде маңызды рөл атқаратын тағылымды шаралардың бірі. Мұндай бастамалар жас ұрпақты елжанды, білімді, жауапкершілігі жоғары азамат етіп қалыптастыруға бағытталған нақты қадам болып табылады.
Аталған жоба ұлттық рухты жаңғыртып, жас буынды ел болашағы жолында қызмет етуге жігерлендіретін тиімді тетікке айналып отыр.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы









