24 шілде мен 19 тамыз аралығында өткен «Әділетті Қазақстан үшін» сайлауалды жобасына мобильді керуеннің алты командасы қатысты. Олар өңіраралық бағыттар бойынша елдің 17 облысын аралап, шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесті.
Кездесулерге «Әділет» партиясынан 42 Құрылтай депутаттығына кандидат қатысты. Олар партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді және ұсыныстарын жинақтады.
Жоба бағыттары солтүстіктегі Мамлютка мен Тайынша қалаларынан оңтүстіктегі Сарыағаш пен Қазығұртқа дейін, шығыстағы Үржар мен Зайсаннан батыстағы Форт-Шевченко мен Бейнеуге дейінгі аумақтарды қамтыды.
Жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының пікірін өз аузынан тыңдау. Жиындар барысында жиналған 2 мыңнан астам ұсыныс пен аманат жүйеленіп, бірыңғай тізімге енгізілді. Партия олардың алдағы жұмыс барысында ескерілетінін айтты.
Ауыл тұрғындары көбіне жұмыспен қамту және шағын кәсіпкерлікті дамыту, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйі, елді мекендерге газ тарту, мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі және ауылдардың ірі көлік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысу мәселелерін көтерді.
Сонымен қатар тұрғындар жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл жастарының болашағы, ауылда кәсіпкерлікті дамыту, қарыз жүктемесін азайту және қаржылық сауатты арттыруға ерекше назар аударды.
Жамбыл облысында мобильді керуен жұмысына «Әділет» партиясының Төрағасы Айбек Дәдебай да қатысты. Ол кандидаттармен бірге Нұрлыкент ауылының тұрғындарымен кездесіп, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау және ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселелерін талқылады.
Жиналған ұсыныстарға жүргізілген алдын ала талдау олардың негізгі бөлігі ауылдарды дамыту мәселелеріне қатысты екенін көрсетті. Аталған мәселелерге қатысты шешімдер «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасындағы ауылдарды дамытуға бағытталған жеке бөлімде қарастырылған.
«Әділетті Қазақстан үшін» жобасы партияның сайлауалды науқаны кезіндегі ірі көшпелі жобалардың біріне айналды. Жоба аясында кандидаттар шалғай елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді халықтың өз аузынан естіп, олардың ұсыныстарын жинады.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.










