«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Қостанай облысындағы еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізді. Құрылтай депутаттығына кандидаттар Қостанайдағы KIA Qazaqstan және «Милх», сондай-ақ Рудныйдағы ССГПО мен «Қазогнеупор 2015» кәсіпорындарына барды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты «Әділет» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әділетті болашақ үшін» бағдарламасын таныстырған кандидаттар оның негізгі ережелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бағытына және азаматтардың құқықтарын нығайтуға, экономиканы дамытуға, әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға, лайықты өмір сүру мен еңбек етуге жағдай жасауға бағытталған жаңа Конституция қағидаттарына сәйкес келетінін жеткізді.
Партия өкілдері жалпыұлттық реформалар өңірлерде жалғасуы қажет екенін айтты. Сондықтан бағдарламада өнеркәсіпті дамытуға, еңбек құқықтарын қорғауға, сапалы жұмыс орындарын құруға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінген.
KIA Qazaqstan зауытында кандидаттар отандық автомобиль өнеркәсібінің болашағы мен ел ішіндегі өндірістік тізбектерді одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Партия Төрағасының орынбасары Қаныш Тілеушин «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасында экономиканың шикізаттық моделінен терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу көзделгенін тілге тиек етті. Ұсынылып отырған шаралардың қатарында отандық кәсіпорындарға арналған ұзақмерзімді офтейк-келісімшарттар, өндірісті жаңғыртуға қолжетімді қаржыландыру, автоматтандыру мен жасанды интеллектіні енгізу, сондай-ақ қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтарға шығуын қолдау бар.
Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай тәсіл Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және отандық өндірісті нығайту жөніндегі міндеттеріне сәйкес келеді.
Өнеркәсіпке кадр даярлау да маңызды мәселе. Құрылтай депутаттығына кандидат Дмитрий Павленко дуалды білім беруді кеңейтіп, кәсіпорындардың маман даярлау ісіне белсендірек қатысуы қажет екенін айтты.
Кандидат Мұхамедқали Тауан мен Марат Башимов отандық өндірісті дамытудың, инвестиция тартудың және тұрақты жұмыс орындарын құрудың маңызын атап өтті.
Рудныйдағы ССГПО ұжымымен кездесуде кандидат Асхат Аймағамбетов жұмысшылардың құқықтарын қорғауды күшейту жөніндегі ұсыныстар туралы айтып берді. Олардың қатарында жазатайым оқиғаларды тергеп-тексерудің ашықтығын арттыру, өндірістік жарақат алған жағдайда қосымша кепілдіктер беру, медициналық скринингтерден өту үшін ақы төленетін күндер ұсыну және еңбекақы төлеу кезінде кемсітуге жол бермеу бар.
Кандидат Екатерина Смышляева мен Гүлзира Атабаева зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндерге арналған арнаулы әлеуметтік төлемдерді және өндірістегі қауіпсіздікті одан әрі арттыру жөніндегі партия ұсыныстарын еске салды.
«Біз өндірістік жарақаттардың салдарын жоюдан гөрі, олардың алдын алуға көшуді және қауіпсіздік стандарттарын жүйелі түрде арттыратын жұмыс берушілерге қосымша ынталандыру тетіктерін құруды ұсынамыз», – деді Атабаева.
Рудныйда кандидаттар моноқалаларды дамыту мәселелерін де талқылады. Партия бағдарламасында инженерлік желілерді жаңғыртуға қаржы бөлу және мұндай қалалардың экономикасын әртараптандыру шаралары қарастырылған.
Бұл тақырып «Қазогнеупор 2015» кәсіпорнының ұжымымен кездесуде жалғасты. Кандидаттар моноқалалардың экономикасын әртараптандыру тетіктерінің бірі ретінде қала құраушы кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнесті дамытуды атады. Сервистік, логистикалық және басқа да ілеспе бағыттар жергілікті кәсіпкерлердің қызметіне қосымша сұраныс арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жиындардың тағы бір алаңы – Қостанайдағы «Милх» кәсіпорны. Мұнда отандық қайта өңдеу саласын дамыту, кадр даярлау және өңірлердегі өмір сапасы мәселелері талқыланды.
Кандидаттар мамандарды өңір экономикасының қажеттіліктерін ескере отырып даярлау, өндірістік тәжірибені және жаңа жұмыс біліктіліктерін алуға мүмкіндік беретін жағдайларды кеңейту қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғылықты жеріне қарамастан, халыққа негізгі әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге тиіс өңірлік стандарттарды енгізу мәселелері сөз болды.
Партия өкілдері инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы қатар дамытпай өнеркәсіпті дамыту мүмкін емес екенін атап өтті. Сондықтан бағдарламада инженерлік желілерді жаңғырту, мектептерді, медициналық және спорттық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ кәсіби өсуге жағдай жасау жөніндегі шаралар қарастырылған.
«Біз үшін ең бастысы – жұмыс орындары, еңбек қауіпсіздігі және өмір сапасы. Өнеркәсіптік қалаларда мықты мектептер, сапалы медицина, спорт инфрақұрылымы және кәсіби өсу мүмкіндіктері болуы керек. Адамдар өз өңірінде лайықты өмір сүріп, еңбек етуге мүмкіндік алуға тиіс. Осы бағыттардың барлығы партияның сайлауалды бағдарламасында қарастырылған», – деді Құрылтай депутаттығына кандидат Андрей Лаврентьев.
Осылайша, партияның өнеркәсіп, жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі және өңірлерді дамыту салаларындағы ұсыныстары ортақ ұстанымға негізделген – экономикалық даму азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер етуі керек. Партия бұл қағидат Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру бағытына да, азаматтардың құқықтары мен мүдделері басты орынға қойылған жаңа Конституцияның ережелеріне де сәйкес келетінін атап өтті.
Кездесулер қорытындысы бойынша кандидаттар кәсіпорын жұмысшыларының ұсыныстары партияның өнеркәсіпті дамыту, еңбек құқықтарын қорғау, кадр даярлау және өңірлердегі өмір сапасын арттыру мәселелері жөніндегі алдағы жұмысында ескерілетінін айтты.










