Қостанай облысында 700-ден астам ауыл тұрғыны «Әділетті Қазақстан үшін» жобасына қатысты

Сайлаушылардың ұсыныс-пікірін жинау жаңа форматта ұйымдастырылып, оған 700-ден астам ауыл тұрғыны қатысты. Ауылдарда ондаған жыл бойы қордаланған мәселелердің шешу жолдарын бірге талқылау үшін Құрылтай депутаттығына кандидаттар Екатерина Смышляева, Еділ Хамза, Дмитрий Павленко және Наталья Рамазанова арнайы барды.

«Әділет» партиясы ашықтықты, бастамашыл ұстанымды және халықтың мұң-мұқтажына жақындығын іс жүзінде дәлелдеп келеді. Ең бастысы – біздің негізгі құжатымыз саналатын «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасы әр кездесуде жұртшылықтың қолдауына ие болды. Мобильді керуен мүшелері аудан орталықтарымен шектелмей, шағын ауылдарға дейін барды. Өйткені қазір біз Қазақстан ауылдарындағы өзекті мәселелердің ұлттық деңгейдегі арнайы тізімін жасап жатырмыз. Тұрғындар әр ұсынысы, әр мәселесі мен әр дауысы осы тізімге енгізілетінін білгенде, мұндай мүмкіндікке шынайы алғысын білдіреді. Қазір әр адам өзгеріске өз үлесін қоса алатын уақыт келді», –  деді Құрылтай депутаттығына кандидат Екатерина Смышляева.

Қостанай облысының ауыл тұрғындары жол сапасы, ауызсу, коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелерін көтерді. Сондай-ақ олар партия өкілдерімен бірге қаржылық сауаттылықты арттыру, жеңілдетілген қаржыландыру, жастарды жұмыспен қамту, жалдамалы тұрғын үй және «Ауыл аманаты» бағдарламасы жөнінде пікір алмасты.

«Кездесулер барысында шалғай ауылдардағы ұялы байланыс пен интернет сапасының төмендігі бірнеше рет сөз болды. «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында елдегі ауылдық елді мекендердің кемінде 97 пайызын сапалы интернетпен қамту міндеті қойылған. Бүгінде мұндай ауылдардың саны 6 мыңнан асады. Бір жерде мобильді техникалық шешімдер қолданылса, енді бір жерде тұрақты байланыс жабдықтары орнатылады. Ең бастысы – халқымыз сапалы байланыспен қамтылуы тиіс. Байланыс жоқ ауылда білім беру де, медицина да, кәсіпкерлік те толыққанды дамымайды. Жалпы, барлық кездесу ашық әрі еркін өтті. Шын айтсам, жоба командасы үшін бұл үлкен серпіліс болды. Біз қазір ауыл тұрғындарының нақты нені қалайтынын анық білетін деңгейге жеттік», –  деді Құрылтай депутаттығына кандидат Наталья Рамазанова.

«Әділет» партиясының мобильді керуені Қазақстанның тағы жеті өңірінде жұмысын жалғастырып жатыр. 23 шілдеден бері жоба командасы 37 кездесу өткізіп, оған 4 600-ден астам ауыл тұрғыны қатысты. Осы уақыт ішінде олар 5 мың шақырымнан астам жол жүріп өтті. 19 тамызға дейін «Әділетті Қазақстан үшін» жобасы елдің алты макроөңірін, 100 ауданды қамтып, 10 мыңнан астам адамның басын қосуды көздеп отыр.

Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram арнамыздан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy