Параспортты дамытуға басымдық беру керек – Айсұлу Сүлеймен

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Айсұлу Сүлеймен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа бұқаралық параспортты дамыту, спорт инфрақұрылымының мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету және балаларды спортқа тарту мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдады, –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутаттың айтуынша, елімізде спорт инфрақұрылымы дамып келе жатқанымен, мүгедектігі бар азаматтардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін жағдайлар барлық жерде бірдей қамтылмаған.

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда 743 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың 124 мыңнан астамы – балалар. Ал спортпен тұрақты айналысатын мүгедектігі бар азаматтардың саны шамамен 66 мың адамды құрайды. Бұл медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдардың 19,5 пайызы ғана.

Депутат спорт нысандарының санын арттырумен қатар, олардың нақты қолжетімділігіне де назар аудару қажеттігін атап өтті.

«Бұл мәселені тек депутат ретінде ғана емес, кәсіби параспортшы ретінде де көтеріп отырмын. 2011 жылы жол-көлік оқиғасының салдарынан екі аяғымнан айырылдым. Алайда спортқа тек алты жылдан кейін келдім. Спортпен айналысқым келмегендіктен емес, параспорттың мұндай мүмкіндіктері бар екенін білмегендіктен», – деді Айсұлу Сүлеймен.

Оның айтуынша, жеке тәжірибесі параспорт туралы ақпараттың қолжетімділігі мен азаматтарды спортқа тарту тетіктерін жетілдіру қажеттігін көрсетеді. Депутаттың пікірінше, мүмкіндігі бар адамдардың барлығы бірдей спортпен айналыспауының себептерін анықтап, жүйелі шаралар қабылдау қажет.

Спорт нысандарының қолжетімділігі басты мәселелердің бірі

Депутат көтерген алғашқы мәселе – спорт инфрақұрылымының мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктеріне сай болуы.

Айсұлу Сүлеймен спорт кешенінде пандус пен лифттің болуы нысанның толық қолжетімді екенін білдірмейтінін атап өтті. Параспортпен айналысу үшін арнайы бейімделген жаттығу залдары, қажетті жабдықтар және кедергісіз орта болуы керек.

«Біз қанша спорт нысаны салынғанын ғана емес, олардың қаншасы параспортшыларды қабылдауға дайын екенін анықтауымыз керек», – деп атап өтті депутат.

Осыған байланысты ол еліміздегі спорт нысандарына түгендеу жүргізіп, олардың параспортқа қолжетімділігін өңірлер бойынша бағалауды ұсынды. Сонымен қатар жаңадан салынатын және жаңғыртылатын спорт нысандарында параспортқа қажетті жағдайларды алдын ала қарастыру қажеттігін айтты.

Параспорт жаттықтырушыларын қолдау қажет

Депутат назар аударған екінші мәселе – білікті жаттықтырушылардың тапшылығы.

Сауалда 2026 жылдан бастап спорт мектептеріндегі жаттықтырушылардың жекелеген санаттарына 30 пайыздық үстемеақы енгізілгені айтылған. Алайда бұл қолдаудың параспорт клубтары мен орталықтарында жұмыс істейтін мамандарды қаншалықты қамтитынына қатысты сұрақ көтерілді.

«Мамандардың саны, жалақысы және тапшылығы туралы нақты ақпарат қажет», – деді Айсұлу Сүлеймен.

Осы ретте депутат параспорт саласындағы жаттықтырушылардың санына, еңбекақысына және кадр тапшылығына талдау жүргізіп, оларды ынталандыру шараларын кеңейтуді ұсынды.

Мүгедектігі бар балаларды спортқа ерте жастан тарту

Депутаттық сауалда балалар параспортына да ерекше назар аударылған. Қазақстанда 124 мыңнан астам мүгедектігі бар баланың тұратынын ескерсек, олардың спортпен айналысуына қажетті жағдай жасау маңызды міндеттердің бірі болып отыр.

Айсұлу Сүлеймен балалардың спортқа келуіне кедергі келтіретін факторларды анықтау қажет екенін айтты. Оның пікірінше, бұл бағытта мектептер, оңалту орталықтары мен спорт ұйымдарының өзара байланысын күшейту керек.

«Елімізде 124 мыңнан астам мүгедектігі бар бала бар. Олардың спортпен айналысуына не кедергі? Арнайы жағдай жоқ па, әлде ата-аналар қайда жүгінетінін білмей ме? Бұл үшін мектептер, оңалту орталықтары мен спорт ұйымдарының өзара байланысын күшейту қажет», – деді депутат.

Осы ретте балалар мен олардың ата-аналарына параспорт секциялары, қолжетімді спорт нысандары және жаттығу мүмкіндіктері туралы ақпарат беретін жүйе қалыптастыруды ұсынды.

Бұқаралық және балалар параспортын қаржыландыру мәселесі

Депутаттың айтуынша, халықаралық жарыстарда жетістікке жеткен кәсіби параспортшыларды қолдаумен қатар, спортқа жаңадан келетін азаматтар үшін де қажетті жағдайлар жасалуы тиіс.

Осыған байланысты Айсұлу Сүлеймен 2027–2029 жылдарға арналған параспорт шығындарын жеке есепке алып, бұқаралық, балалар және жоғары жетістіктер спортын қаржыландыру көлемін бөлек көрсетуді ұсынды.

Депутат Туризм және спорт министрлігіне мынадай ұсыныстар жолдады:

Депутаттың пайымдауынша, параспортты дамыту тек кәсіби спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижелерімен бағаланбауы керек. 

«Мемлекеттік инвестициялардың тиімділігі тек салынған спорт нысандарының немесе жеңіп алынған медальдардың санымен ғана емес, ең алдымен спортпен айналысуға нақты мүмкіндік алған адамдардың санымен өлшенуі тиіс. Өйткені мемлекеттің басты міндеті – чемпион атанғандарды қолдау ғана емес, өзінің де чемпион болуға мүмкіндігі бар екенін әлі білмейтін жандарға жол ашу», – деп түйіндеді Айсұлу Сүлеймен.

Депутаттық сауалда көтерілген ұсыныстарды іске асыру параспорт инфрақұрылымын жетілдіруге, мамандарды қолдауға және мүгедектігі бар азаматтардың спортпен жүйелі айналысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.