Жаңа өндіріс орны, көлік, сумен қамту инфрақұрылымын дамыту: «Әділет» партиясы Жетісу тұрғындарына не ұсынды?

Талдықорғанда Құрылтай депутаттығына кандидаттар «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Кездесуге өңір жұртшылығы, ел ағалары, кәсіпкерлер, зиялы қауым және жастар қатысты. Бұл туралы Aikyn.kz  “Әділет” партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Партия алға қойып отырған міндеттердің бірі – қала мен ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылым сапасының алшақтығын азайту. Партия Төрағасы Айбек Дәдебай өңірлерді дамыту Президенттің стратегиялық бағытының маңызды бөлігі екенін, ал медицина, білім беру және басқа да негізгі қызметтерге қолжетімділік адамның тұрғылықты жеріне байланысты болмауы керектігін атап өтті.

«Бағдарламамыздың өзегінде адам және оның өмір сүру сапасы тұр. Біз адамдардың сапалы медицинаға, білімге және спорт инфрақұрылымына қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін өңірлік дамудың бірыңғай стандарттарын енгізуді ұсынамыз. Сондай-ақ сайлауалды бағдарламамызда ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Елдегі 6 мыңға жуық ауылдың 3,5 мыңы тірек ауыл ретінде айқындалған. Оларға іргелес ауылдарды қоса есептегенде, ауыл халқының 90%-ын сапалы инфрақұрылыммен – ауруханалармен, мектептермен және жолдармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», – деді Айбек Дәдебай.

Экономикалық бағытта ел ішіндегі өндіріске назар аударылды. Бүгінде Қазақстанның шағын және орта бизнесінде шамамен 4,5 миллион адам еңбек етеді. «Әділет» партиясы шағын кәсіпорындардың орта бизнеске өсуіне, өндіріс көлемін кеңейтіп, тұрақты жұмыс орындарын құруына жағдай жасауды ұсынады.

Жетісу үшін бұл мәселе аграрлық секторда ерекше өзекті. Облыста қант қызылшасы, астық, жүгері, жеміс-жидек өсіріліп, ет пен сүт өндіріледі. Құрылтай депутаттығына кандидат Ренат Бектұров осы өнімдердің көбірек бөлігін ел ішінде өңдеу қажет екенін атап өтті.

«Біз шикізатты сатып, кейін дайын өнімді жоғары бағамен сатып алатын модельден бас тартуымыз керек. Өнімнің көбірек бөлігін осында, Қазақстанда өңдеп, жұмыс орындарын құрып, қосылған құнды ел ішінде қалдыру қажет. Ол үшін бизнеске ұзақмерзімді тапсырыстар, қолжетімді қаржыландыру, түсінікті салық ережелері және мемлекеттік сатып алуда адал бәсекелестік қажет. Партия алдына экономикадағы орта бизнестің үлесін қазіргі 7%-дан 20%-ға дейін арттыру мақсатын қойып отыр», – деді Ренат Бектұров.

Партия бұл бағыттағы құралдардың бірі ретінде ірі және ұлттық компаниялардың отандық өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарт жасасуын ұсынады. «Әділет» сондай-ақ кәсіпкерлерге кепілдік тетіктерін пайдалануға, инвестиция тартуға және қаржыландырудың балама көздерін пайдалануға көбірек мүмкіндік беруді ұсынады. Бұл бизнестің дамуы тек банк несиесіне тәуелді болмауы үшін қажет.

Жетісу аграршылары үшін маңызды тағы бір мәселе – суару суы. Сайлауалды бағдарлама бойынша еліміздегі 14,5 мың шақырым суару каналын қайта жаңғырту қарастырылған. Оның кемінде 3,5 мың шақырымына цифрландыру жоспарланып отыр. Бұл су шығынын азайтып, оны ауыл шаруашылығында тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Бағдарлама таныстырылғаннан кейін кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты. Журналист Ришад Тұрғанбай жастарға қандай мүмкіндіктер жасалатынын және заманауи технологиялар қазақтілді контентті дамытуға қалай ықпал ете алатынын сұрады.

Құрылтай депутаттығына кандидат Жанарбек Әшімжанов «Әділет» жастар мен волонтерлік бастамаларды гранттық қаржыландыруды кеңейтуді, сондай-ақ қоғамдық кеңестердегі жас өкілдердің үлесін 20%-ға дейін арттыруды ұсынатынын айтты.

«Сайлауалды бағдарламада «Кітап оқитын ұлт» жобасын іске асыру, Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру және қолөнер қызметі туралы заң қабылдау көзделген. Бұл шаралардың барлығы заманауи мәдени ортаны дамытуға және ұрпақтар сабақтастығын сақтауға бағытталған», – деді Жанарбек Әшімжанов.

Кездесуде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың кәмелетке толғаннан кейінгі болашағы туралы да сұрақ қойылды. «Жетісу облыстық мүгедектігі бар адамдар қоғамдық бірлестігінің» жетекшісі Әсел Бөрібаева мектепті аяқтағаннан кейін олардың көпшілігі мамандық алу және жұмысқа орналасу кезінде қиындықтарға тап болатынын атап өтті.

Сұраққа жауап берген Құрылтай депутаттығына кандидат Ирина Тен партия қамқорлық моделінен бас тартып, өз бетінше өмір сүру үшін жағдай жасауға көшуді ұсынатынын айтты.

«Біз арнайы мектептердегі еңбекке баулу бағдарламаларын еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып қайта қарауды, практикалық дайындықты арттыруды және білім алуда ерекше қажеттіліктері бар түлектерді техникалық және кәсіптік біліммен қамтуды ұсынамыз. Сондай-ақ бағдарламада сегіз өңірде, оның ішінде Жетісу облысында оңалту орталықтарының құрылысын аяқтау көзделген», – деді Ирина Тен.

Кездесуді қорытындылай келе, Айбек Дәдебай партияның сайлауалды бағдарламасы сарапшылармен, салалық мамандармен және азаматтармен бірлесіп әзірленгенін атап өтті. «Әділет» өкілдері бүкіл ел бойынша тұрғындармен кездесіп, өңірлер үшін өзекті мәселелерді талқылады және ұсыныстар жинады, соның ішінде арнайы QR-код арқылы да ұсыныстар қабылданды. Келіп түскен пікірлер жүйеленіп, партияның бағдарламалық бастамаларын құру кезінде ескерілді.

«Әділет» – жаңа буынның, жаңа көзқарастың және ел дамуындағы жаңа кезеңінің партиясы. Партия Мемлекет басшысының стратегиялық бағытына сенімді саяси тірек болуға, жаңа Конституцияның қағидаттары мен құндылықтарын іске асыруға ықпал етуге және реформаларды жүйелі түрде жалғастыру жауапкершілігін өз мойнына алуға ниетті. Бүгін таныстырылған сайлауалды бағдарлама 10 бағыт пен 100-ден астам нақты мақсат-міндетті қамтиды және алдағы жұмысымыздың негізіне айналады», – деп қорытындылады Айбек Дәдебай.

Кездесу соңында партия Төрағасы Жетісу облысының тұрғындарын 23 тамызда сайлау учаскелеріне келіп, «Әділет» партиясына дауыс беруге шақырды.

Еске салайық, Жетісуға дейін «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы елдің 13 өңірін аралады. Жетісу облысы – штаб бағытындағы 14-өңір. Елдегі өзге де өңірлердің тұрғындарымен кездесу жалғасады.

Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram арнадан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy