Ашық есік күні өтті

Балалардың құқығын қорғау және олардың қауіпсіз ортада дамуына жағдай жасау мемле­кеттік саясаттың негізгі бағыт­тарының қатарында. Мемлекет басшысы атап өткендей, елдің болашағы бүгінгі қоғамның ба­лалар үшін жасап жатқан жағдайы мен құн­дылықтарына тікелей байланысты. Бұл ұстанымдар «Әділет» партия­сының бағдар­ламасынан да көрініс тапқан. Онда отбасыларды қолдау, білім беру және балаларға тең мүмкіндік жасау мәселелеріне ерекше мән берілген.

«Әділет» партиясы өңірлерде ұйымдастырған азаматтарды қабылдау барысында қазақ­стан­дықтар көбіне балабақшалардағы орын тапшылығы, тегін меди­­циналық көмектің қолжетімділігі, сондай-ақ дефектолог, логопед және тьютор мамандарының же­тіспеушілігі мәселелерін көтерді. Сонымен қатар ауылдық жерлерде мектеп салу, балалардың дема­лысы, баспана және мектептегі тамақтану сапасына қатысты мәселелер қозғалды. 

Астанада азаматтарды Құрыл­тай депутаты Ләззат Жылқыбаева қабылдады. Тұрғындар әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, еңбек даулары, сондай-ақ қылмыстық заңнамадағы кей нормаларды қолдану, оның ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны ауыстыру мәселелері бойынша жүгінді.

– Әрбір өтініш бойынша тиісті органдарға сауал жолдап, міндетті түрде азаматтарға жа­уаппен ораламыз. Егер мәселе заңнамаға өзгеріс енгізуді не­месе Құрылтайда жеке қарауды талап етсе, депутаттық өкілет­тіктеріміз аясында оны әрі қа­рай жүргізе­­міз, – деді Ләззат Жыл­қыбаева.

Азаматтарды қабылдау бары­сын­да кейбір мәселе сол жерде шешімін тапты. Мәселен, Көк­шетауда нейрофиброматоз диаг­нозы қойылған қыздың ата-анасы қажетті дәрі-дәрмекті алу мәселесі бойынша көмек сұрады. Жағ­дайды реттеуге Құрылтай депута­ты Юлия Кучинская араласып, балаға қажетті препараттар берілді.

– Азаматты қабылдап, мәсе­лесін тыңдау жеткіліксіз. Мінде­тіміз – мәселені кім шеше алаты­нын анықтап, жауапты орган­дар­ды жұмысқа тартып, істі нақты нәтижеге дейін жеткізу, – деді Юлия Кучинская.

Басқа өңірлерде де нақты көмек көрсетілді. Мәселен, Абай облысында жеке сот орындау­шысы алимент түсетін шоттан бұғатты алып тастады. Жамбыл­дық отбасыларға мектепке керек-жарақтарды алуға көмек беріліп, балаларды бір мектептен екінші­сіне ауыстыру мәселесі келісілді. Сондай-ақ тегін стоматологиялық ем ұйымдастырылып, инватакси қызметін алуға жәрдем етілді.

Алматылық азаматтар бала­лар­дың қауіпсіздігі мен отбасы­ларға әлеуметтік қолдау көрсету мәсе­ле­леріне қатысты өтініш берді. Олар­ды қарауға кәмелетке толма­ған­дармен жұмыс істейтін полиция қызметкерлері мен тиіс­ті басқар­малардың өкілдері тартылды.

Шығыс Қазақстан, Батыс Қа­зақстан және Қостанай облыста­рында тұрғындар баспана, бала­ларды мектеп пен балабақшаларға орналастыру, жеңілдіктер мен атаулы әлеуметтік көмек алу мә­селелерін көтерді. Сондай-ақ ерек­ше қажеттілігі бар балаларға тіс дәрігерінің көмегін алу мүм­кіндігі жеке талқыланды.

«Әділет» партиясы Орталық аппараты Қоғамдық қабылдау бөл­месінің меңгерушісі Әлия Садыр­баева мұндай қабылдаулар нақты өтініштермен жұмыс істеу­ге ғана емес, әртүрлі өңірде қай­таланатын және жүйелі түрде пы­сықтауды қажет ететін мәселе­лерді анықтауға мүмкіндік бере­тінін жеткізді.

Келіп түскен барлық өтініш тіркеліп, тиісті мемлекеттік ор­ган­дарға жолданды. Толық ше­шіл­меген өтініштер партияның бақылауында болады.

Бекбол АМАНГЕЛДІ