2023 жылғы 25 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес алаңында Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және Иран Ислам Республикасы арасында еркін сауда туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Келісім тауарлар номенклатурасының 90%-дан астамына қатысты бажсыз сауда режимін қамтамасыз етеді.
Бажсыз сауда режимі ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптегі қазақстандық тауарлардың Иран нарығына шығуы үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Тарифтік квоталар көлемі шегінде қазақстандық бидайды Иранға кепілдендірілген бажсыз жеткізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Сауданың преференциялық режимін белгілеуден басқа, келісім қорғаныс шараларын қолдану, техникалық кедергілер саласындағы ынтымақтастық, санитариялық және фитосанитариялық шаралар, кедендік ынтымақтастық, тауарлардың қайдан шыққанын анықтау ережелері, дауларды шешу сияқты сауда аспектілерін реттейді.
Сонымен қатар келісімде мемлекеттік сатып алу саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі уағдаластықтар, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын салалардағы салалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі уағдаластықтар көзделген, олардың арасында көлік-логистика саласына ерекше назар аударылып отыр.
Сауданың толық форматтағы преференциялық режимін қалыптастыру, келісім аясында көптеген мәселені реттеу өзара сауданың ашылмаған әлеуетін іске асыруға және Қазақстанның Иранмен сауда-экономикалық қатынастарын сапалы түрде жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Иран – 85 млн-нан астам халқы бар ірі және перспективалы нарық, сондай-ақ Парсы шығанағындағы дамыған инфрақұрылымы бар бағыт ретінде айтарлықтай транзиттік әлеуетке ие. Келісім Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізін дамытудағы елеулі қадам болмақ, атап айтқанда экономиканың әртүрлі салаларында ірі бірлескен жобаларды іске асыруға, өзара тікелей шетелдік инвестицияларды ұлғайтуға, келісім тараптары арасындағы белсенді экономикалық өзара іс-қимылды дамытуға жағдай жасайды.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы $521,4 млн-ды құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 18,3%-ға жоғары. Бұл ретте Қазақстаннан Иранға экспорт үлесі – $309,7 млн, өткен жылмен салыстырғанда 12,5%-ға өсіп отыр. Ираннан Қазақстанға импорт $211,7 млн-ды құрады, Иранмен өзара сауда-саттықтың өсу әлеуеті зор және келісім оны іске асыруға бағытталған.