2023 жылы еліміздегі ірі автожол жобалары аяқталды

Биыл республика бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарымен 10 мың 700 км автомобиль жолы қамтылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Көлік министрлігінің негізгі күш-жігері 4-5 жылға созылған ұзақ құрылыс жобаларын жеделдетуге бағытталды.

Нәтижесінде Талдықорғаннан Өскеменге, Қарағандыдан Алматыға және Ақтөбеден Қандыағаш-Атырау арқылы Астраханьға дейінгі жолдармен жол жүру қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ Үшарал-Достық және Қостанай-Денисовка автожолдарын салу және қайта жаңарту бойынша ірі жобалар аяқталды.

Мұның бәрі жол қозғалысына жұмсалатын уақытты үнемдеп, жол жүру кезінде жайлылықты арттыруға және көлік шығындарын азайтуға мүмкіндік берді.

Барлық ауыспалы жобалар 2024 жылы пайдалануға беріледі. Кейін кезең-кезеңімен жалпы ұзындығы 4 мың 700 км жаңа жобалардың құрылысы басталмақ.

Салынып жатқан автомобиль жолдарының сапасын арттыру мақсатында EPCM-келісімшарттың халықаралық жүйесі және FIDIC ережесі енгізілді. Сондай-ақ жаңа технологиялар мен материалдардың 75-тен астам түрі сынақтан өткізілді.