Көлік министрлігінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ТХКБ бойынша жүктерді тасымалдау жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
“Бүгін біз Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік ағындарды қамтамасыз ету үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. 2023 жылы тасымалдау көлемі 2,76 млн. тоннаны құрады, бұл 2022 жылдан 65%-ға жоғары (1,7 млн. тонна). Маршруттың қазақстандық учаскесінде «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолдарын, «Алматы» айналма теміржол желісін, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Дарбаза – Мақтарал жаңа теміржол желісін салу сияқты бірқатар жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ Ақтау және Құрық теңіз порттарының әлеуетін арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Ақтау портында «Контейнерлік хаб» салынады, бұл тасымалдау көлемін жылына қосымша 300 мың ЖФЭ-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Құрық портында ағымдағы жылы астық терминалы іске қосылады. «Саржа» көпбейінді терминалының құрылысы жүргізілуде. Кемелердің 6 метрге дейін кіруі үшін жеткілікті тереңдікті қамтамасыз ету үшін 2024 жылы Құрық портын түбін тереңдету жүргізіледі. Осындай жұмыстарды Ақтау портында да жүргіземіз. Бұл шаралар Қазақстан порттарының өткізу мүмкіндігін жылына 30 млн.тоннаға (+10 млн. тонна) дейін арттыруға мүмкіндік береді”, – деп атап өтті қазақстандық тарап.