Ақтөбе облысында полиция жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілерді ұстады, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Демалыс күндері Ақтөбе қаласының патрульдік полиция батальоны жолдардағы бақылауды күшейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударуда. Қасақана құқық бұзушыларды анықтау және олардың алдын алу мақсатында қызметке айырым белгілері жоқ азаматтық көліктердегі жасырын патрульдер шығарылды. Мұндай тәсіл жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды тиімді анықтауға және жүргізушілердің қауіпті әрекеттерін жедел тоқтатуға мүмкіндік береді.
Өткізілген іс-шаралар барысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған 30-дан астам көлік құралы анықталды. Бұл ондаған жол-көлік оқиғаларының, соның ішінде ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді. Жылдамдықты асырған және өзгеде құқық бұзушылықтарға жол берген жүргізушілер жауапкершілікке тартылып, көлік құралдары айыппұл тұрағына қойылды. Бұл — жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жазаның бұлтартпайтынын тағы бір мәрте дәлелдейді. Естеріңізге саламыз: жол қозғалысы ережелерін сақтау — сіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігінің негізі.






