Қарсы жолаққа шыққан жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылады

Қарсы жолаққа шыққан жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қарсы қозғалыс жолағына шығу – жол жүру ережелерін өрескел бұзудың ең қауіпті түрлерінің бірі. Мұндай маневр басқа жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне үлкен қатер төндіреді. Өкінішке орай, қарсы жолаққа шығудан болатын жол-көлік оқиғалары жиі қайғылы жағдайлармен аяқталады: адамдар жарақаттанып, кейде өмірден де айырылады.

Қолданыстағы заңнамада мұндай тәртіп бұзушылық үшін ауыр жаза қарастырылған – жүргізуші 6 ай мерзімге көлік басқару құқығынан айырылады. Алайда бұл да кейбір жауапсыз жүргізушілерді тоқтата алмай келеді.

Мәселен, биылғы жылдың өзінде ғана 236 жүргізуші қарсы жолаққа шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Мысал ретінде, Павлодар қаласындағы Торайғыров көшесінде төрт жолағы бар екі жақты қозғалыс жолында Toyota автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалысқа шығып, жол сақшыларының назарына ілікті. Кінәлі тұлғаға қатысты іс сотқа жолданып, автокөлік арнайы тұраққа қойылды, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ полиция қызметкерлері біржақты қозғалысы бар көшелерде белгіленген жол белгілері мен сызықтарын елемеу де жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әр жүргізушінің міндеті. Әсіресе, балалар мен оқу орындарының маңында, жаяу жүргіншілер өткелдері мен қоғамдық көлік аялдамаларының жанында мұқият болу қажеттігін полиция қызметкерлері тағы да еске салады.

Жолда жүру ережелерін сақтай отырып, біз өзіміздің және өзгелердің өмірін қорғаймыз.