Өскемен тұрғыны танысын алдап, ақшасын жұмсап жіберген

Өскемен қаласының тұрғыны танысын алдап, ақшасын жұмсап жіберген, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Өскемен қаласының полициясына жергілікті тұрғын құрбысының алдап алаяқтық жасағаны туралы арыз жазып, жүгінген.

Жәбірленушінің айтуынша 2022 жылдың қыркүйегінде жеке кәсіп ашқан. Кейіннен құрбысынан бухгалтерлік қызмет бойынша, оның ішінде табыс салығын төлеуге және қызметкерлердің зейнетақы төлемдерін аударуға көмектесуін сұраған. Осылайша, ол “көмекшісінің” шотына ай сайын ақша аударып отырған.

Алайда біраз уақыттан кейін есепші тиісті міндеттемелерін орындамай, барлық аударылған қаражатты өз қажеттілігіне жұмсап жібергені анықталған. Келтірілген жалпы шығын сомасы 3 миллион теңгені құраған.

39 жастағы күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазір алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.