Ақтөбеде көлікті мас күйде тізгіндеген әйел жауапқа тартылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақтөбе қаласының Жаңақоныс тұрғын алабында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін Mercedes Benz C300 автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде осы көлікті басқарған 30 жастағы әйелдің жай-күйі күдік тудырды. Жүргізілген сараптама оның масаң күйде екенін көрсетті.
Анықталғандай, аталған жүргізуші әйел осы жылдың қыркүйегінде көлік құралын алкогольдік масаң күйінде басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен 7 жыл мерзімге айырылған.
Көлікті алкогольдік мас күйінде басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, осы баптың санкциясы бес жылға дейін бас бостандығынан айыра отырып, өмір бойы жүргізуші куәлігінен айыруды көздейді.
Әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автокөлік арнайы автотұраққа қойылды.