Абай облысында барымташылардың қылмыстық тобы құрықталды

Абай облысында мал ұрлығымен айналысып келген қылмыстық топтың жолы кесілді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Абай облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері “Құқықтық тәртіп” ЖПІШ-ін өткізу барысында Бородулиха ауданында еркін жайылымнан кезекті рет  мал ұрламақ болған барымташылар тобын әшкереледі.  Осы жылдың маусым айынан бастап олар 45-тен астам мал басын ұрлаған.

Барлық жағдайда қаскөйлер қылмыстық әрекеттерін малдарды өз көліктерінің жүксалғышына тиеп алу арқылы іске асырып отырған. Полицейлер ұрланған 5 қойды қылмыстық топтан Семей қаласына кірген кезде тәркілеп алды. Жалпы шығын 2 500 000 млн теңгеден асады.

– Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп атап өтті Абай облысы ПД бастығының орынбасары Нариман Күлдіков.