Астанада жеке кәсіп иесін алдап кеткен такси жүргізушісі анықталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полицияға жеке кәсіп иесі алаяқтықтың құрбаны болғанын айтып, арызданған. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен елорданың 29 жастағы тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында ер адам такси жүргізуші болып жұмыс істейтіні белгілі болды. Жәбірленуші оны курьер ретінде жалдап, бірнеше кілемдерді клиенттердің үйлеріне жеткізіп беруді тапсырған. Жуылған кілемдердің ақшасын курьер жинап, соңында жеке кәсіп иесіне әкеліп берген. Осылайша, жәбірленушінің сеніміне кірген ер адам ертеңгі күні тағы да осындай тапсырыс алған, алайда клиенттердің ақшасын өз қалтасына салып, байланысқа шықпаған. Келтірілген материалдық шығын 232 мың теңгені құрады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адамның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталады.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарға сақ болуды және бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.