Университет, банк, 2GIS. Қазақстан азаматтарының жеке дерегі тағы да тарап кетті

Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы (ЦАРКА) Қазақстан азаматтарының жеке дерегі тағы тарап кеткенін айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Орталық мәліметінше, өткен аптада Telegram мессенджерінде қолданушы BreachForums атты хакерлер форумындағы деректің бәрін желіге жария еткен.

Форум 2022 жылдан 2023 жылға дейін зиян тигізетін бағдарламалар мен ұрланған деректерді сатумен танымал болған. Оған Қазақстаннан 15 хакер тіркелген.

ЦАРКА 2022 жылғы 29 қарашаға дейінгі деректер жария болғанын айтты. Оның ішінде қолданушы идентификаторлары, кілтсөздер, жеке хаттар, форум несиелерін сатып алуға пайдаланған криптовалюта дерегі мен сайттағы хабарламалардың бәрі бар.

Олардың қатарынан Spark атты көлік-логистика компаниясының деректері, Шәкәрім университеті студенттері мен талапкерлерінің дерегі, 2022 жылғы 24 маусымдағы B2B 2GIS Қазақстан мәліметтері, Yandex Food пен 2021 жылғы Fonbet-тің Қазақстан мен Ресейдегі пайдаланушыларының деректері табылған.

TSARKA Group-тың негізін қалаған Олжас Сәтиев жария болған ақпаратта форум қатысушылары жіберген түрлі хат бар, олардың бірінде Қазақстандағы маңызды банктің дерекқоры бұзылғаны айтылған деді. Оның сөзінше, мәліметтер базасымен құқық қорғау органдары айналысып жатыр.