Астанада Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағалары Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчуктың кездесуі өтті. Ресей тарапының бастамасымен өткен кездесу көліктік өзара іс-қимылды қоса алғанда, көптеген мәселелерге арналды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Серік Жұманғарин өзінің құттықтау сөзінде «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін кеңейтуге және 19-20 шілдеде Ақтауда өткен «Солтүстік-Оңтүстік» бірінші көлік сауда-экспорт форумына РФ өкілдерінің белсенді қатысуына өзара қызығушылық білдірді
«Көлік форумында қазақстандық тарап “Солтүстік-Оңтүстік” дәлізі арқылы барлық жүк түрлерінің транзитіне 50% дейін жеңілдік жариялады, Ресей, Түрікменстан, Иранмен бірге дәліздің шығыс тармағының әлеуетін дамыту жөніндегі жол картасына қол қойды. “Солтүстік-Оңтүстік” шығыс тармағын дамытуға бағытталған ЕАЭО үшін басым жобалар аясында интеграциялық инфрақұрылым жобаларын ресейлік әріптестермен бірге іске асырамыз. Жалпы, біздің елдер арасындағы өнеркәсіптік кооперация жақсы дамып келеді, бұл – жалпы сомасы $26,4 млрд құрайтын 136 жоба. 38 бірлескен жоба сәтті жүзеге асырылды, қазір жалпы құны $1,9 млрд құрайтын 28 жоба жұмыс барысында», — деді Қазақстан вице-министрі.
Екіжақты кездесу барысында қатысушылар «Болашақ» теміржол стансасы арқылы «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің шығыс тармағы бойынша Ресей тарапынан жүк ағынын арттыру мүмкіндігін талқылады. РФ өкілі Ақтаудағы көлік форумында қол қойылған жол картасы жүк ағынын арттыруға серпін беретінін атап өтті. Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемін ұлғайту мақсатында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Ресейдің Селятино стансасында CRK Terminal жаңа көлік-логистикалық орталығын салу жобасын жүзеге асыруда. Бұл ҚХР-ҚР-РФ бағыты бойынша жүк базасын Қытайдағы Сиань мен Ресейдегі Селятино қалаларында шоғырландыру және Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдауды ұйымдастыру арқылы толық логистикалық циклді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кездесуде тараптар РФ өкілдері жобаны толық іске асыру үшін қажетті көлік-логистикалық орталыққа кірме автомобиль жолын салу мүмкіндігін қарастыратыны туралы келісімге келді.
Кездесу қатысушылары ЕАЭО кеден заңнамасының талаптарын бұзған уақытша әкелінген шетелдік жартылай тіркемелерден Қазақстан тарапынан ішінара кедендік төлемдерді алу бойынша қабылданған шараларды талқылады. Тараптар кедендік бақылау нормаларын жетілдіру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
Үшінші елдер азаматтарының халықаралық автомобиль тасымалдары үшін Ресей Федерациясы мен Беларусь арасындағы барлық автомобиль өткізу пункттерін жабу мәселесі жыл соңына дейін шешілуі мүмкін – Ресей және Беларусь тарабы шетел азаматтарының кіріп-шығуын есепке алуға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйені енгізуге дайындалуда. Сол кезде бұл мәселе реттеледі. Қазіргі таңда Лобок – Езерище арқылы күнделікті шамамен 60 қазақстандық автокөлік құралы өтеді.
Жиынға қатысушылар екі елдің ветеринариялық шектеулер мәселесін талқылады. Екі елдің мал шаруашылығы өнімдерін қадағалау бойынша ақпараттық жүйелерін интеграциялау жақын арада аяқталатыны атап өтілді, бұл ветеринариялық қадағалау органдарына екі елдің мал шаруашылығы өнімдерін өндіруден бастап сақтауға және ел аумағында жеткізуге дейін толық қадағалауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өсімдік шаруашылығы өнімдерін қадағалау бойынша да осындай бірлескен жұмыс жүргізілуде.
Сондай-ақ екіжақты кездесу барысында қатысушылар қаржы-банк саласындағы ынтымақтастық, атап айтқанда эмитенттердің өтелген облигацияларынан қаражат алу, энергетика саласындағы өзара іс-қимыл, елдер арасындағы қолданыстағы келісімдерді өзектендіру және басқа да мәселелерді талқылады.