Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Парижге келіп, спортшыларға үндеу жасады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ulyssport.kz сайтына сілтеме жасап.
Геннадий Головкин Олимпиадаға ұшып келгенін айтып, Париждегі суретін жариялады.
«Біз жеттік. Команданың спортшылары үшін әрдайым ашықпын. Қайтадан Олимпиада ауылының тәжірибесі. 20 жылдан кейін», – деп жазады Головкин.
Сондай-ақ, Геннадий Головкин Олимпиада ауылында Қазақстанның бокс құрамасымен кездесіп, спортшыларға қолдау білдіргені хабарланды.
Геннадий Головкин 2004 жылы Афинада өткен Олимпиада ойындарында күміс медаль жеңіп алған.
Бұған дейін Қазақстан құрамасын Париждегі Олимпиада ойындарына шығарып салғаны хабарланған болатын.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында Парижде XXXIII Жазғы Олимпиада ойындары өтеді. 200 елден 10 000-нан астам спортшының қатысуы жоспарлануда. Барлығы 32 спорт түрі бойынша 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.