ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Парламент палаталарының бірлескен отырысында шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігі қалай арта түсетіні туралы айтып берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгінде ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 36,5%-ды құрайды. Орта бизнес субъектілерінің санын арттыру және кәсіпкерлікті дамыту үшін бизнес-ахуалды жақсарту және әкімшілік қысымды төмендету бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау құрылымы қайта қаралуда», — деді депутаттардың сауалына жауап берген Нұрлан Байбазаров.
Оның айтуынша, іскери ахуалды жақсарту мақсатында бизнеске қойылатын 10 мыңнан астам негізсіз талап күшін жойды. Рәсімдерді оңайлату мен лицензия, рұқсаттама алудағы біліктілік талаптарын жеңілдету жұмысы қолға алынған. Цифрландыру арқылы мемлекеттік қолдау шаралары мен мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу жеңілдетіледі.
Бұған қоса, орта бизнестің анағұрлым бәсекеге қабілетті субъектісіне сервистік қолдау көрсетілетін және қаржылық, қаржысыз және инфрақұрылымдық қолдаудың қажетті жиынтығы болатын арнайы келісім енгізіледі.
Сонымен қатар жаңа Салық кодексінде бизнесті ірілендіруге және оның көлеңкеден шығуына ықпал ететін бірқатар ынталандыру шаралары көзделген. Соның ішінде персоналдар саны бойынша өлшемшарттарды жою және ҚҚС бойынша есепке қою үшін кірістер бойынша лимитін ұлғайту қарастырылуда.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін Қазақстанда шығарылған тауарлар тізілімін енгізу жоспарлануда.