Ақтөбеде жүргізуші кәмелетке толмаған велосипедші баланы қағып кетті

Ақтөбеде Toyota автокөлігінің жүргізушісі көпқабатты үйдің ауласынан шығу кезінде тұрғын аумақта велосипедпен жүрген балаға жол бермей, оны қағып кетті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

ЖКО салдарынан бірінші сынып оқушысы медициналық мекемеге жеткізілді.

– Көлік жүргізушілері ауладан шығу кезінде қасынан велосипедшінің өтетініне дайын болуы керек. Велосипедші жаяу жүргіншіге қарағанда жылдамырақ, өйткені ол шамамен 20-30 км/сағ жылдамдықпен қозғалады. Әсіресе іргелес тұрған үйлердің арасы немесе арка арқылы шығу кезінде жүргізушіге барынша мұқият болу қажет. Себебі мұндай жағдайларда велосипедшіні алдын ала байқау мүмкіндігі өте аз, дәлірек айтқанда, тіпті нөлге тең, – деп атап өтті Ақтөбе облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдос Құлжанов.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта облыс аумағында балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған “Назар аударыңыз, балалар” акциясы өтіп жатыр. Шара аясында полиция қызметкерлері оқушылармен профилактикалық кездесулер өткізіп, жолдардағы қауіпсіз мінез-құлық туралы әңгімелейді.