«Ресми жұмысқа тез орналастым»: «JOLTAP» бойынша оқыған елордалық бағдарлама туралы айтты

Елордада жұмыссыз жүрген қала тұрғындарының жұмыс тауып, қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін «JOLTAP» жобасы қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бүгінде жоба аясында 2 мыңнан астам елорда тұрғыны түрлі мамандықтар бойынша оқыту курстарынан өткен. Ал оқыту бағдарламалары еңбек нарығының сұраныстарына сүйене отырып жасалған. Оқыту курсынан өтіп, жоба арқылы жұмыс тапқандардың бірі – елордалық Төлеби Тұрсынбаев. Бариста мамандығын меңгерген қала тұрғыны бағдарлама туралы кездейсоқ білгенін айтады.

30 жастағы Төлеби Тұрсынбаев соңғы кезде танымалдылыққа ие болып жатқан мамандық бойынша бұрын да аз уақыт жұмыс істеп көргенін айтады. Бірақ біраз жылдық үзілістен кейін «JOLTAP» жобасы бойынша білім алу кезінде кәсіби мамандардан иісі аңқып, дәмі тіл үйіретін кофе жасауды қайта меңгерген.

Бүгінде арамызда кейіпкеріміз сияқты бар мүмкіндікті пайдаланып, жұмысқа орналасқан тұрғындар көп. Биыл елордада осы жоба бойынша 10 мың тұрғынды жаңа мамандықтарға оқыту жоспарланып отыр.Айта кетейік, қатысушылардың таңдауына 14 мамандық ұсынылған. Ал оқыту бағдарламалары мамандыққа байланысты 2 аптадан 1 айға дейін барынша қысқа мерзімде практикалық дағдыларды ұсынуға бағытталған. Жоба арқылы оқығысы немесе ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алғысы келетін кез келген азаматқа қаланың адам көп жиналатын орындарында орналасқан «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінде тегін кеңес беріледі.