18-21 сәуір аралығында Астана қаласында панкратионнан Қазақстан чемпионаты өтті. Елорданың төрінде еліміздің ең мықты спортшыларының басын қосқан дүбірлі додада Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкері жеңіске жетті , – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Екі рет әлем чемпионы атанған Айдын Төлепбаев 77 келі салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тағып, әлем чемпионатына жолдаманы жеңіп алды.
Палуан полицей бұл чемпионатта 4 жекпе-жек өткізіп, барлығында өзінің нағыз үздік екенін тағы да паш етті. Байрақты бәсекелерде намысты қолдан бермейтін Айдын Төлепбаев – Ақтөбе полициясының үздік қызметкерлерінің бірі, 10 жылдан астам уақыттан бері абыройлы қызмет етіп келеді.
Спортты жанына серік еткен полицей спорттың 4 түрінен (аралас жекпе жек, әмбебап жекпе-жек, панкратион, қоян-қолтық ұрыстан) халықаралық дәрежедегі спорт шебері, аралас жекпе-жек пен әмбебап жекпе-жектен Азия чемпионы. Өткен жылы палуан жігіт панкратионнан және қоян қолтық ұрыстан әлем әлем чемпионы атанған болатын.