Үкіметтің кезекті отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров инвестицияларды қолдау мен ынталандырудың қолданыстағы шаралары және оларды жақсарту жөніндегі жоспарлар туралы баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Инвестициялық белсенділік серпінді экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін үлкен маңызға ие. Үкімет алдына инвестициялар тарту бойынша нақты міндеттер қойылды.
2024 жылы жоспар бойынша негізгі капиталға 22,1 трлн теңге инвестицияланады, бұл өткен жылдың қорытындысынан 22%-ға артық. Инвестициялық жобалардың Бірыңғай пулы аясында биыл жалпы құны 2,3 трлн теңге болатын 234 жобаны іске асыру жоспарланған. Өңірлердің әрбір әкімі мен салалық мемлекеттік органдардың министріне KPI бекітілген. Инвестициялық штаб шеңберінде инвесторлардың мәселелерін жедел реттеу бойынша шаралар қабылдануда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық өңірлердегі прокурорлар пулда тұрған жобаларды сүйемелдеуге тырысты. 37 компанияны орналастыру жұмыстары жалғасуда.
Бүгінгі таңда инвестициялар тарту бойынша бірқатар тиімді құралдар қолданылады.
1. Осылайша, ірі инвесторларды тарту үшін Басым қызмет түрлерінің тізбесінен тыйым салынған тізімді қалыптастыруға көшу жолымен Инвестициялар туралы келісім жасасу тетігі жетілдірілді. Бүгінгі таңда осындай 6 келісім жасалды.
2. Тауар өндіруші кәсіпорындарға салық заңнамасының 10 жыл тұрақты болуына кепілдік берілетін Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасу мүмкіндігі енгізілді. Инвестициялар бойынша салық заңнамасының тұрақтылығы кәсіпорындарға инвестициялардың қайтарымдылығын болжауды қамтамасыз ете отырып, ұзақ мерзімді кезеңге қаржылық ағындарды жоспарлауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 6 Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім (ИМК) жасалды.
3. Геологиялық барлауға инвестициялар тарту және Қазақстанның мұнай-газ саласының минералдық-шикізат базасын толықтыру мақсатында 2023 жылдан бастап Жақсартылған модельдік келісімшарт (ЖМҚ) жасасу кезінде фискалдық ынталандыру енгізілді.
4. АЭА тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, барлық инвестициялық міндеттемелер орындалғаннан кейін Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары үшін жер учаскесін сатып алу мүмкіндігі көзделген. Аралас режимді аумақтар айқындалды, бұл жерде басым жобалар АЭА режимінде жеңілдіктер алады, ал басымдықтардан тыс жобаларды іске асыруды жоспарлап отырғандар инфрақұрылым ғана алатын болады. Сондай-ақ АЭА қатысушылары үшін «инвестициялар неғұрлым көп болса, жеңілдіктер соғұрлым көп» қағидаты бойынша салықтық жеңілдіктер берудің сараланған тәсілі енгізілді.
Бүгінгі таңда әзірленіп жатқан жаңа Ұлттық даму жоспарын ескере отырып, Инвестициялық саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын өзектілендіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Еңбек өнімділігінің өсуіне және экспорттық себеттің күрделенуіне бағдарланған сапалы инвестицияларды кейіннен таргеттеу үшін инвестицияларға өңірлік және салалық қажеттіліктер қалыптастырылады. Халықаралық рейтингтерді ескеретін инвестициялық климат бойынша жаңа KPI белгілеу қаралуда.
«Инвестициялық преференцияларды беру кезінде жобаның күрделілігіне және экспортқа бағдарлануына байланысты селективті тәсіл қолданылатын болады. Инвестициялық жобаларды кейіннен мониторингтеу және берілген преференциялардың тиімділігін бағалау бойынша тәсілдер көзделетін болады. Өзектілендірілген Тұжырымдама Ұлттық даму жоспары бекітілгеннен кейін қабылданатын болады. Сонымен қатар Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп инвестицияларды ынталандырудың тиімділігін қамтамасыз ету үшін қолданыстағы қолдау шараларын өзектілендіру бойынша жұмыс жүргізуде», — деп мәлімдеді спикер.
Оның айтуынша, салық преференцияларын беру, атап айтқанда, құжатқа қол қойылған сәттен бастап корпоративтік табыс салығынан босату осы құралдың тартымдылығына әсер ететінін Инвестициялар туралы келісімдер жасау практикасын талдаудан көруге болады, өйткені жеңілдік кезеңінің едәуір бөлігі жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарының кезеңдеріне сәйкес келеді.
Жалпы корпоративтік табыс салығынан 10 жыл босатылғаннан кейін инвестор іс жүзінде 7-8 жыл ішінде, яғни нысан пайдалануға берілгеннен кейін жеңілдіктер алады. Осыған байланысты Инвестициялар туралы келісім жасасу шеңберінде жобаны іске асырудың нақты басталуына сәйкес корпоративтік табыс салығынан босатуды қолдану ұсынылады. Бұл инвестор үшін салықтық пайдаларды анағұрлым әділ және теңгерімді бөлуді қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар инвестицияларды одан әрі ынталандыру үшін мыналар ұсынылады.
1. Бірыңғай үйлестіруші ретінде Инвестициялық штаб айқындалған жобаларды сүйемелдеу және ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі экожүйені жақсарту мақсатында кешенді шаралар әзірленеді. Fast Track немесе «жасыл дәліз» инвестициялық жобаларын қолдау жүйесі енгізіледі. Оның артықшылығы инвестордың барлық қажетті рәсімдерден жедел және жеңіл өтуі болады.
Өңірлер мен экономика салалары бөлінісінде қалыптасқан инвестициялық жобалар пулының іс жүзінде іске асырылуын қадағалауға мүмкіндік беретін Ұлттық инвестициялық платформаны толыққанды іске қосу қажет. Бұдан басқа, салалық және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, инвестициялар тартуға мемлекеттік органдардан «тапсырыстарды» қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс құрылатын болады.
2. Инвестицияларды тарту үшін дайын инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету өте маңызды. Елдің инфрақұрылымдық қаңқасын қалыптастыру мақсатында 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар әзірлеп, қабылдау қажет.
Инфрақұрылымды жүргізу процесін жеделдету үшін инвесторларға мұны өз бетінше жасауға мүмкіндік беру мәселесі пысықталуда. Инвестицияларды тартудың тұтас экожүйесін қалыптастыру мақсатында кешенді шаралар әзірленетін болады. Өндірістік нысандар салу кезінде инвесторлардың шығындарын азайту мақсатында құрылыс бойынша халықаралық стандарттарды қолдану қарастырылуда. Ұлттық стандарттарға бейімделу қажеттілігінің болмауы жобаларды іске асыру уақытын 1,5-2 есеге қысқартуға және шығыстарды жобалау және құрылыс сатысында 20-30%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
3. Жаңа Салық кодексі шеңберінде салық төлеушіге бағдарланған әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілетін болады. Салық төлеушіге тіркелуден бастап есептен шығарылуға дейін фискалдық көмек көрсетіледі. Қарызды өндіріп алу кезінде шоттарды арестке қою тетігі қайта қаралатын болады. Салық есептілігі 30%-ға қысқарады. Салық төлемдері 20%-ға қысқарады. Ынталандырушы және тиімді жеңілдіктер сақталады. Мысалы, тауарлардың тізбесін оңтайландырып, есепке жатқызу әдісімен импортқа ҚҚС төлеу тәртібі сақталады. Сонымен бірге өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар үшін 3 жылға жеңілдіктер беріледі.
«Салықтық жеңілдіктер беру рәсімдерін оңтайландыру үшін жаңа Салық кодексі шеңберінде инвестициялар көлеміне, өндірістік процестердің күрделілігіне және түпкілікті өнімдердің өзіндік өндірісін дамыту үшін маңызы бар өзге де факторларға байланысты сараланған тәсілді ескере отырып, жеңілдіктердің «бір пакетін» беру жолымен ұсынылатын преференцияларды біріздендіру қаралады. Осылайша қолданыстағы ынталандыруды сақтай отырып, бизнесті қолдаудың жаңа шаралары қабылданады», — деп атап өтті министр.
Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіруді көздейтін Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну бағдарламасының жобасын әзірледі.
Жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар үшін жүзеге асырылатын болады. ШОБ жобаларын субсидиялау жөніндегі жаңа тәсілдер нарықтық жағдайларға кезең-кезеңмен көше отырып, субсидиялаудың сараланған әдісін көздейді.
«Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында қарсы міндеттемелер күшейтілді. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпорындарды іріктеу үшін кіріс базалық өлшемшарттар белгіленді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кепілдік беру құралы ең тиімді шара болып табылады және бизнестің басты проблемасын – банктер алдындағы кепілдердің жетіспеушілігін шешетін болады», — деді Нұрлан Байбазаров.
Субсидиялау құралынан несиелер бойынша Даму Қорының кепілдіктерін кеңейтуге біртіндеп көшу көзделеді. Ұсынылған шаралар қолдау шараларының тиімділігін арттырады және инвестицияларды одан әрі ынталандыруды қамтамасыз етеді.
Өз кезегінде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин 2023 жылы Холдингтің активтері 13,7 трлн теңгені құрады, нвестициялық және несиелік портфелі – 10,1 трлн теңге, ал таза пайдасы – 408 млрд теңге болғанын баяндады. Оның айтуынша, Холдингтің бизнесті қолдауға қосқан жалпы үлесі 2,6 трлн теңгеден асқан.
«Қазақстанның даму банкі арқылы кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде ірі жобаларды және лизингтік мәміле қаржыландыру көлемі 689,2 млрд теңгені құрады. Шағын және орта бизнесті қолдау шеңберінде Холдингпен шамамен 1,57 трлн теңге несие сомасына 23,9 мың жобаға қолдау көрсетілді. Экспорттық әлеуетті дамыту шеңберінде Қазақстанның даму банкі және KazakhExport құралдары арқылы Холдинг ұсынған қолдау көлемі 716 млрд теңгені құрады», — деп мәлімдеді басқарма төрағасы.
Ауыл шаруашылығын дамыту шеңберінде 2023 жылы Холдинг тарапынан (Аграрлық несие корпорациясы және ҚазАгроҚаржы) несие және лизинг арқылы ауыл шаруашылығын қаржыландыруға 554,7 млрд теңге қаражат бөлінді. «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету» бағыты бойынша Қазақстан тұрғын үй компаниясы арқылы 2 155 мың. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ел бойынша көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға берудің барлық көлемінің 20%. Отбасы банк арқылы берілген жеңілдетілген ипотека есебінен 65 мыңға жуық тұрғын үй сатып алды.
Жыл сайынғы 6 пайыздық экономикалық өсуді қамтамасыз ету, сондай-ақ Холдинг арқылы қолдау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында келесі шаралар ұсынылады:
1. Экономикалық өсудің секторларын қаржыландыру. Осылайша, «Бәйтерек» алдағы үш жылда ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, көлік және логистика, және тұрғын үй құрылысы сияқты салаларда кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету мүмкіндігін көріп отыр.
2. Сала көшбасшыларын қолдау және дамыту. Холдинг экономикалық өсу нүктелері болатын сала көшбасшыларын анықтау үшін әр саладағы көшбасшыларды қолдау және дамыту шараларын жүзеге асырады.
3. Ауыл тұрғындарын қолдаумен қамтуды арттыру. АӨК секторы инвестицияларға да, айналым капиталына да аса мұқтаж. Осыған байланысты холдингтің АӨК саласындағы еншілес ұйымдары Ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізетін болады.
Бүгінгі таңда, ауылдық жерлерді, әсіресе, ондағы шағын және орта бизнесті қолдау шаралары аз, қолжетімді тұрғын үймен қамту мәселесі өзекті болып отыр. Осыған байланысты Холдингтің қолдау шаралары арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті қамтуды арттыру, мақсатты өңірлік бағдарламаларды одан әрі дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады, сондай-ақ ауыл тұрғындарын қолжетімді тұрғын үй сатып алу бағдарламаларымен қамту ұлғайтылатын болады.
4. Келесі шара — жаңа құралдарды әзірлеу,, ол үшін мынадай шаралар қабылданады:
– коммерциялық банктерді экономиканың нақты секторын несиелендіруге тарту мақсатында кепілдік беру, синдикация және бірлесіп қаржыландыру құралдарын пайдалану;
– кассалық алшақтықтарды жабу және кәсіпкерлердің айналым қаражатын толықтыру үшін факторинг құралын дамыту;
– нарықтық ипотеканың шектеулі қолжетімділігі проблемаларына байланысты екінші деңгей банкілердің өтімділігін тарту үшін ипотекалық портфельді секьюритилендіру тетігін енгізу пысықталатын болады;
– Холдинг тобының және қаржыландырылатын жобалардағы (тиісті қарсы талаптарды қою арқылы) сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесін арттыру;
– барлық бағыттар бойынша аналитикалық қолдау күшейтілетін болады;
– Даму қорының тәжірибесін ескере отырып, оның негізінде ШОБ субъектілеріне, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенге кепілдік беретін Бірыңғай кепілдік қорын құру орындылығы пысықталатын болады.
5. Холдинг тобын одан әрі ауқымды цифрландыру. Бүгінгі таңда Холдинг ауқымды цифрландыру бойынша тиісті іс-шаралар жоспары мен жол карталарын әзірледі. Екі жыл ішінде өтінімдерді қарау мерзімі үш есеге қысқарады, бизнестің цифрлық портреті жасалады, Холдинг тобының 60 қызметі цифрланады, мемлекеттік органдардың барлық деректер базаларымен орталықтандырылған интеграция қамтамасыз етілетін болып, ішкі қызығушылықты цифрландыру деңгейі 100%-ға жетеді.
6. Соңғысы, кем дегенде, инвестиция тарту бойынша одан әрі жұмыс жүргізу. Бүгінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттік қаражаттың әрбір теңгесіне 2,36 теңгеден бюджеттен тыс қаражат тартылған. Холдингтің инвестициялық тартымдылығын арттыру шеңберінде Sustainable Fitch-тен «3»-ке сәйкес тұрақты даму рейтингі алынды, Холдингтің несиелік рейтингтері егемендік деңгейде расталды, тұрақты негізде шетелдік инвесторлармен кездесулер жүргізіліп келісімдер мен меморандумдарға қол қойылады.
«Әрі қарай дамыту ретінде коммерциялық банктердің еркін өтімділігін тарту, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының несиелік тәуекелділік классификациясы бойынша Қазақстанның позициясын жақсарту жайында мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстарды жүргізу, венчурлық қаржыландыру нарығын дамыту, сондай-ақ Холдингтің инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет», — деп түйіндеді сөзін Рустам Қарағойшин.