Атырау облысында көші-қон заңнамасын бұзған 900-ден астам шетелдік анықталды

Атырау облысында көші-қон заңнамасын бұзған 900-ден астам шетелдік анықталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Атырау облысы аумағында көші-қон заңдылықтарын бұзған шетел азаматтарын анықтау және олардың жолын кесу, Қазақстан Республикасының аумағынан өз еркілерімен шығу туралы сот қаулыларын орындамаған шетелдіктерді анықтап, оларды мәжбүрлі түрде елден шығару мақсатында 19-25 ақпан аралығында “Мигрант” жедел профилактикалық іс шарасы өткізілді.

Іс-шара барысында еліміздің көші-қон заңнамаларын бұзған барлығы 938 тұлға анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 3,4,5,6,7-бөлімдерімен шетелдіктерге қатысты 620 әкімшілік хаттамалар толтырылды. ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы бойынша шетелдіктерді қабылдаушы 298 тұлға және ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы бойынша заңсыз шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тартқан 20 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көші-қон заңнамаларын бұзған 11 шетелдік сот шешімімен әкімшілік жолмен Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары шығарылып, жеке басын анықтайтын құжаттары болмауына байланысты 37 шетелдік қабылдау-тарату орнына орналастырылды.

Еліміздің аумағынан әкімшілік жолмен тысқары шығару туралы сот шешімін орындаудан жалтарып жүрген 2 Өзбекстан Республикасының азаматтары анықталып, мәжбүрлі түрде елімізден тысқары шығарылды.

Сонымен қатар қала аумағындағы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан ғимараттарды тексеру барысында жұмысқа орналасуға рұқсатты алу еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті шарт болып табылатын анықтаманы не рұқсаттарды алмастан жұмыс атқарып, еліміздің аумағында болу мерзімі өтіп кеткен 9 Өзбекстан Республикасының азаматтары анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы және осы баптың 4-бөлімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Іс-шара кезінде “борышкер” санаты бойынша іздеудедегі 33 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматшасы анықталып, жазбаша түсініктеме, міндеттеме алынып, іздеу есептерінен түсірілді. Аталған шетелдіктің еліміздің аумағында болу мерзімі өтіп кеткендігіне байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-баптың 4-бөлімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.