Шымкентте корей этносының мәдениеті күні аталып өтті

Бүгін Шымкент қаласындағы корей этносының мәдениеті күні іс-шарасы өтті. Жиынға қалалық ҚХА мүшелері, зиялы қауым өкілдері, корей этникалық қауымдастығының өкілдері, қалалық корей этномәдени бірлестігінің мүшелері, қала тұрғындары қатысты.

Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов шаhардағы корейлер қауымдастығы барлық саланың дамуына өз үлестерін қосып жатқанын атап өтті.

Осыдан 33 жыл бұрын қаламызда корей этномәдени бірлестігі құрылып, оңтүстік өлкедегі 50 мыңға жуық корей этносы өкілдерінің басын біріктірді.

Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак қауымдастық өкілдері еліміздің дамуына бар күш-жігерін салып жатқанын айта келе, қазақ халқына алғысын жеткізді.

Мерекелік жиында еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуына, ішкі тұрақтылықты сақтауға үлес қосқан қауымдастық өкілдері Шымкент қаласы әкімінің, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Іс-шарада корей этномәдени бірлестігі жанындағы шығармашылық ұжымдар әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылды.