Астанада әскери-музыкалық фестиваль өтті

Еліміздің бас қаласының 25 жылдығына арналған «Астана –мәдениет керуені» әскери оркестрлерінің I Халықаралық әскери-музыкалық фестивалі Қазақстанның астанасында өтуде,деп хабарлайды kazlenta.kz.

Мереке күні Есіл жағалауындағы жазғы амфитеатр сахнасында Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапонияның әскери музыкалық ұжымдарының өнерін паш еткен Band Marathon өтті.

Фестивальде Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі, Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі және Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетілімді оркестрі қатысады.

Жиналғандарға арнап Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов сөз сөйледі. Ол қала тұрғындары мен қонақтарын Астана күнімен құттықтап, музыканттарға осындай ауқымды шараға қатысқаны үшін ризашылығын жеткізді.

– Біздің халықаралық әскери оркестрлер фестивалі бұл Астана – бейбітшілік пен жасампаздық қаласы, мәдениет пен халықтарды бір ортаға тартып, жақындастыратын орталық екенінің жарқын дәлелі болмақ. Мұндай ерекше шара ынтымақтастықты дамытуға, бейбітшілік пен тату көршілік идеяларын ілгерілетуге ықпал етеріне сенімдімін, – деп атап өтті ол.

Band Marathon дегеніміз қатысушы топтардың 20 минуттық қойылымдары. Әзербайжандық музыканттар көрермендерге композитор Узеир Гаджибейлидің «Джанги», Эмин Сабитоглудың «Инжа беллим», Алекпер Тагиевтің «Сен гельмез олдун» және бір кездері аты аңызға айналған Мүсілім Магомаев орындаған «Жалынды өлке» әндерін тарту етті.

Қытай музыканттары авторы Чжэн Люйчэннің «Қытай Халық-азаттық армиясының маршы», Шу Юнганның «Ат жарысы», Ван Хэшэннің «Цинхай-Тибет таулы аймағы», Чен Цяньнің «Аба Бикеш», Ли Чань өңдеген «Жастар биі», Ван Синнің «Отанға мадақ», Ли Сюйхаоның «Болаттай берік бөлімдер маршы» мен «Алишаннан келген қыз», Го Сыда өңдеген «Дудар мен Мария» туындыларын орындады.  

Үндістанның Әскери-әуе күштерінің оркестрі тыңдаушыларды «Renaissance» Wg Cdr G Jayachandran VSM, «Bombay 1980» Sgt D Mridha, «Dancing Queen» ABBA, «Imagination» Sgt Suneesh Thomas, «Mexican Shuffle» Bert Kaempfert, «Duniya me» Sgt D Mridha және «Jai Ho» Sgt NT Singh шығармашылығымен келушілерді қуантты.

Жапон әскери оркестрі астаналықтарға арнап Naruto Main Theme, Obatala, Hamabe no Uta (Song of the Seashore) және Festal Scenes әуендерін орындады.

Tsuna a wakens, La camisa negra, Килпиллама, Delilah, Summertime, Хоразимча және Go down Moses композицияларын орындаған Өзбекстанның Орталық әскери оркестрі аспаптарының әуезді үнімен жұртты тамсандырды.

Ресей Федерациясы Батыс әскери округінің 23-ші әскери оркестрінің репертуарындағы көптеген әуендер тыңдаушыларға таныс. Музыкалық ұжым «Ленинград маршы», «Орыс композиторларының тақырыптарына арналған попурри», «Қызметтік роман» кинофильміндегі «Утро», «Адам амфибия» кинофильміндегі «Песенка о морском дьяволе», «Синяя вечность», «Чертово колесо» мен Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әндерін орындады.

Түрік әскери оркестрі «Мехтеран» Кемани Татйостың «Сузинак Пешреви», Лейла Саздың «Нешиде-и Зафэр маршы», Фарук Гюртундждің «Мехтер Вуруйор», Исмаил Хаккы Бейдің «Мехтерхане-и Хакани маршы», Әли Рыза Бейдің «Орду маршы», «Хюджум маршы», «Эстергон қаласы» және «Генч Осман» әуендерін орындап, көрермендерді тәнті етті.

Бұл күні фестивальге қатысушылар елдерді өзара біріктіретін және нығайтатын сазды әуен тілінде сөйледі. Өнерде ұлт жоқтығын көрсете отырып, әлемнің бірегей әскери оркестрлері ұлттық, шығармашылық және армия дәстүрлерінің алуан түрлілігін көрермендерге паш етті. Астаналықтар да оркестрлердің қойылымдарына қошемет көрсетіп, көтеріңкі көңіл-күйін жасыра алмады.