Кешеннің жалпы аумағы 4370 шаршы метр. Оның ішінде 1400 шаршы метрлік спорт залы орналасқан. Нысанда ұлдар мен қыздарға арналған 2 фитнес орталығы бар.
Сондай-ақ мұнда әр түрлі мәдени іс-шараларға арналған алаңдар, акт залы орын тепкен. Жалпы университетте 28 студенттік клуб спорттық, шығармашылық және мәдени бастамаларды жүзеге асырып жатыр. Нысанда білімгерлердің өзін-өзі дамытуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Мысалы, олар спортпен шұғылданып болған соң, бірден душқа түсе алады. Бұдан бөлек, ыңғайлы қозғалыс үшін лифт те орнатылған. Кешен заманауи керек-жарақтармен жабдықталған.
Ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, ұжымды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде өңір үшін маман даярлауда СДУ-дің рөлі маңызды екенін айтты.
«СДУ-ге оқуға түсу үшін шекті балл өте жоғары болуы тиіс. Бұл өз кезегінде сапалы білімді қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда облыстағы түрлі салаларда мамандар тапшылығы бар. Осы мәселені шешуде университеттің алар орны ерекше. Мемлекеттік білім ошағы болмаса да, бұл жердің халық арасындағы танымалдығы жоғары», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Өңір басшысы СДУ студенттерінің биік белестерді бағындырып жатқанын да атап өтті. Бұдан бөлек, әкімнің сөзіне сүйенсек, бүгінде Алматы облысында мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған.
«Біз әр мүмкіндікті пайдалануымыз қажет. Университетпен тығыз байланыс орнатқан 50 мектебіміз бар. Бұл коллаборация екі жаққа да өз нәтижесін береді деген ойдамыз. Мемлекет басшысы іссапарында СДУ-ға келіп, жұмысымен танысып, жоғары бағасын берген болатын. Ендігі біздің мақсат – Қонаев қаласы мен «G4 city» аумағында осы тәріздес оқу ошақтарын тұрғызу. Ертеңгі Ұлттық мереке баршамызға құтты болсын!» – деді облыс әкімі.
Нысан салтанатты түрде ашылған соң Марат Сұлтанғазиев кешенді аралап шықты. Бұдан кейін облыстағы 200 мектептің директорлары қатысуымен семинар-тренинг өткізілді. Бұл шара оқу ошақтарындағы, педагогика саласындағы түйткілді мәселелерді талқылау үшін арнайы ұйымдастырылған.