Астанада тұрғынның пәтерінен 6 құндыз тоны және екі теледидар ұрлаған күдіктілер анықталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тұрғынның айтуынша, 12 ақпанда белгісіз біреулер пәтеріне кіріп, жеке мүлкін: 6 құндыз тоны мен Samsung және Hisense екі теледидарын ұрлап , 7 млн теңгеге жуық материалдық шығын келтірген.
– Полиция қызметкерлері күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша бірқатар жедел іс-шаралар жүргізді. Камералар қаралып, куәгерлерден жауап алынды. Жедел-іздестіру шаралары барысында ұрлық жасаған тұлғалар анықталды. Олар 25 және 30 жастағы елорданың екі тұрғыны болып шықты. Оның бірі Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, – дейді Есіл аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Әбшекенов.
Заттай айғақтар тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Сондай-ақ ұсталғандардың бұрын да осыған ұқсас қылмыстар бойынша бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып және сотталғаны анықталды.
Полицейлер аталмыш факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.